Ақмолада құрылысшы жұмыс орнында есірткі сатқан
258,1 грамм кептірілген марихуана табылған
Ақмола облысында “Қарасора-2025” жедел-алдын алу іс-шарасы аясында полицейлер 38 жастағы құрылысшыны есірткі заттарын заңсыз сатты деген күдікпен ұстады, деп хабарлайды Kyn.kz. Бұл туралы Ақмола облысы полиция департаменті жариялады.
Олардың мәліметінше, қылмыстық полиция қызметкерлері аудандық ҰҚК бөлімшесінің, прокуратураның, арнайы бөлімшенің және 5510 әскери бөлімінің кинологының қатысуымен күдіктіні оның жұмыс орны — құрылыс нысанында ұстау бойынша арнайы операция жүргізген. Сөйтіп, күдікті есрткіні зат салынған ораманы сатып алушыға берген сәтінде ұсталған.
Сараптама нәтижесі оның кептірілген марихуана екенін көрсетті. Тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту барысында күдіктінің үй-жайындағы шаруашылық құрылыстан бірнеше орама табылып, тәркіленді. Кептірілген марихуананың жалпы салмағы - 258,1 грамм. Барлық заттар сараптамаға жіберілді және олардың есірткілік қасиеті расталды.
Ер адам өз кінәсін мойындады. Оған ҚР ҚК 297-бабы 2-бөлігі (“Есірткі заттарды, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу”) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.