“Ажырасқан әйел ұзақ уақыт некесіз болса, оған еркек жын ғашық болады”: желіде тараған видео көпшіліктің ашуын туғызды (ВИДЕО)
Өзін косметолог ретінде таныстырып жүрген әйел ажырасқан келіншектерге уағыз айтты
Ажырасқан әйел некесіз ұзақ жүрсе, оған жын ғашық болады. Бұл туралы видео желіде тарап кетті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Желіде өзін косметолог маманы ретінде таныстырып жүрген Асия есімді келіншектің айтуынша, әйел адамның ұзақ уақыт некесіз жүруіне болмайды.
«Ислам бойынша егер, ажырасқан әйел адам үш ай, он күннен кейін некелеспесе, ұзақ уақыт некесіз, ер адамсыз өмір сүретін болса, оған еркек жын ғашық болып, отырып алады. Ешкімді оған жолатпайды. Әйел адам біреумен танысса да анау ұнамайды, мынау ұнамайды деп жақтырмай тұрады. Түсіне де кіретін болады. Түсінде еркек жын сол әйелмен кәдімгідей қосылатын болады. Сондықтан ұзақ жүріп қалмаңыздар. Ұзақ жүрген әйелдер, естеріңізге түсіріңіздер, ойланыңыздар. Сондай түстер көрмейсіздер ме? Егер, сондай болатын болса, қорқу керек. Он жыл күйеуге шықпаған пациентім бар. Он жылдан кейін күйеуге тигеніне 7-8 жыл болғанда, сол жын мазалап, күйеуіне жек көрінішті қылып көрсеткен. Тіпті асылып қалған. Қайта күйеуі құтқарып үлгерген. Қазір оқытылып жүр», - дейді ол.
Желі қолданушылары бұған қатысты неше түрлі пікірлер қалдырған.
“Нашар адам кездессе ше, қайта қайта шыға бермейсің ғой”, «Аңқау елге арамза молда болды. 3 ай 10 күн дегенді қайдан шығарып алған», «Не шықса да осындай хиджабтағылардан шығады» деп жазуда олар.