Басты жаңалықтар

“Тарақандар балалардың құлағына, мұрнына кіріп кетеді”: Ақтөбеде көпбалалы ана апатты жағдайдағы жатақханада тұрып жатыр

Көпбалалы анаға шенеуніктер тарақандар қаптаған жатақханадан бөлме берген

Ақтөбеде қиын жағдайға тап болған көпбалалы анаға шенеуніктер тарақандар қаптаған апатты жағдайдағы жатақханадан бөлме берген. Гүлжан Сейдильдина БАҚ өкілдеріне шығып, бұл мәмелені шешіп беруін сұрағанда, әкімдік бөлменің кілтін қайтарып беруді сұраған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Гүлжан Сейдильдина әкімдік берген бөлмеге бес күн бұрын балаларымен бірге көшіп келген. Жатаөханадағы баспалдақтар құлап жатыр, сылақтар түскен, қабырғалар дымқыл тартқан. Әр жерде тарақандар жүреді. Бірақ басқа амал болмағандықтан сонда тұруға мәжбүр. Ол кәмелетке толмаған балаларымен көшеде қалып, екі күн бойы ашық аспан астында түнеген. 

Денсаулығына байланысты Гүлжан жұмыссыз қалған. Бірнеше отадан жасаған, оған қоса, ауыр дәрежедегі анемия тағы бар. Ақыры оның пәтерақы төлеуге шамасы келмей, жалдамалы пәтерден кетуге мәжбүр болған.

"Екі күн бойы балаларыммен далада түнеуге тура келді. Облыстық әкімдікке де, қалалыққа да бардым, көмек сұрадым. Депутаттарға да жүгіндім. БАҚ өкілдеріне шағымымынан кейін ол маған “тұрғың келмесе, кілтін қайтар” деді. Мұнда өмір сүру мүмкін емес. Тарақандар балалардың құлағына, мұрнына кіріп кетеді. Бірде дәрігерлер ұлымның мұрнынан тарақан алып шықты”, – дейді көпбалалы ана. 

Гүлжанның айтуынша, 2013 жылы күйеуі өзінің туысының атына несие рәсімдеген, бірақ ол адам несиені төлемей қойған. Салдарынан отбасы ауылдағы үйін сатып, қалада пәтер жалдауға мәжбүр болған. Ақырында қаржылық қиындықтар мен түсініспеушіліктен кейін ерлі-зайыпты ажырасып кеткен. Көпбалалы отбасы 2018 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұр. Қазір 335-орында. Заң бойынша, баспана кезекпен беріледі. Бірақ әйелдің көптеген өтініштерінен кейін әкімдік 1980 жылы салынған апатты жағдайдағы жатақханадан бөлме ұсынған.

“Даудың туу себебі — оның жатақхананың жағдайына қанағаттанбауы. Тағы да айтамын, қолданыстағы заңнамаға сәйкес кезексіз тұрғын үй беру көзделмеген. Шамамен бір жарым жыл ішінде оның кезегі келеді”, – дейді Ақтөбе қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мадияр Қабыл.

Гүлжан Сейдилдина ескі жатақханада тұрудан бас тартса, шенеуніктер одан бөлменің кілтін қайтаруды сұрап отыр немесе кезегі келгенше онда уақытша тегін тұра алады. Алайда әйел балалардың денсаулығы үшін алаңдап, қауіпсіз баспана беруді сұрайды. Айта кетейік, бұл жатақханаға әкімдік 13 отбасын орналастырған.