Руслан Берденов Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен не себепті кеткенін түсіндірді
Руслан Берденов қызметінен кетуінің себебін айтты
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кетуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, бұл шешім саналы түрде және өзіне қатысты бірқатар объективті себепке байланысты қабылданған.
"Біріншіден, белгілі болғандай, қазіргі уақытта мен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келемін. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметті саяси партиядағы жетекшілік қызметпен қатар алып жүруге жол берілмейді. Мен заң талаптарын құрметтеймін және оны қатаң сақтаймын.
Екіншіден, партияның ішкі қағидаттарына сәйкес, партия мүшелері мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқара алмайды. Біз саяси үдерістерге қатысу партия ішіндегі билік құрылымымен араласпауы тиіс деп санаймыз.
Үшіншіден, қазіргі таңда денсаулығымды қалпына келтіруге баса назар аударып жүрмін. Мен әрдайым жұмысыма жоғары жауапкершілікпен қарап келдім, бұдан кейін де мемлекеттік қызметтегі лауазымымды өз деңгейінде атқаруым керек. Сондықтан да дәл қазір өзімді жақсы сезіну үшін күш-қуатымды соған салудамын", - жазды Руслан Берденов Instagram желісіндегі парақшасында.
Айта кетсек, бұған дейін Руслан Берденовтің Respublica партиясының тең төрағалығы қызметінен кеткенін жазған едік.