Назарбаев университетінде студент өлі табылды: қылмыстық іс қозғалды
Ғылым және білім министрі Назарбаев университетінде өлі табылған студентке қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын айтты
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Назарбаев Университеті жатақханасынан мәйіті табылған студент қыздың өліміне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Министрдің полиция бұл істі Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша ("Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу") тергеп жатқанын мәлім етті.
"Қазір Қылмыстық-процестік кодекс аясында ешқандай мәліметтер жарияланбайды. Біз тек полициямен бірлесіп жұмыс істеп жатқанымызды растай аламыз", – деді Нұрбек.
Журналистер министрге оқиға студенттер арасында болған жанжал салдарынан болуы мүмкін бе деп сұрады.
"Ештеңе айта алмаймыз. Тергеу аясында қосымша ақпаратты полиция департаменті береді деп келісілген", – деді шенеунік.
Еске салсақ, 18 маусымда Назарбаев университетінің студенті жатақханада өлі табылған болатын.