16 жастағы қыз босанды: Түркістан облысында 23 жастағы жігіт 9-сыныпта оқитын қызға үйленген
9-сынып оқушысына үйленген жігіт оны 6 айдан соң үйіне әкеп тастаған.
Түркістан облысында 21 маусымда 16 жастағы қыз босанды. Бұл туралы журналист Жазира Бегалы бөлісті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жазуынша, қызды 9-сынып оқып жүргенде бұрынғы әскери қызметкер алып қашқан, бірақ 6 ай өткен соң үйіне қайта апарып тастаған.
"Түркістан облысында 16 жастағы жасөспірім босанды. 9-сынып оқушысының етегін түріп, қылмыстық іс қозғалмасын деген даудан қашып, үйленіп, 6 айдан кейін қызды төркініне әкеп тастаған еркек 23 жаста. Күдікті – әскери қызметкер. Қорғаныс саласында заң мен адам құқығын аяқасты ететін адамдар не істеп жүр? 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу қылмыстық іс! Оң мен солын танымайтын 15 жастағы қызға “өз келісіміммен келдім “ деп қолхат жаздырып, істі жылы жапқан", – деп жазды журналист.
Сондай-ақ, 23 жастағы күдіктінің әскери бөлімде жұмыс істегені расталмаған. Ал қайын жұрты қыздың 15 жаста екенін тойға мұғалімдер келгенде ғана біліпті.
«15 жаста тұрмысқа шыққан қыз күйеуінің қайда істейтінін қалай білмеген? Кешеден бері Қорғаныс министрлігі, Шымкент қаласының әскери тергеу басқармасы күдіктіге қатысты деректерді зерттеп, бұл салада жұмыс істемеген деген ақпарат берді. Енді қыздың қайынжұртының айтуынша бойжеткеннің 15 жаста екенін тойға мектеп мұғалімдері келгенде білдік дейді. Мұғалімдер , анасы кәмелет жасқа толмаған оқушыны неге тастап кеткен? Былтыр қыздың айтуынша төркініне әкеліп тастағаннан ҚР Қылмыстық кодексінің 122 бабына сәйкес былтыр іс қозғалған. Бірақ іс сотқа неге жетпеген?», - деп жазды ол.