Басты жаңалықтар

“Оқ ату туралы бұйрық берген”: Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты ресейлік капитанның хаты жарияланды (ФОТО)

БАҚ ресейлік ӘШҚ күштерінің капитанының ұшақ туралы жазған хатын жариялады.

1 шілдеде ресейлік ӘШҚ (әуе шабуылына қарсы) күштерінің капитаны Дмитрий Паладичуктың түсініктемесі шықты. Бұл туралы әзербайжандық Minval басылымы жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

Құжат мәтініне сүйенсек, ол 2024 жылғы 25 желтоқсанда Грозныйға ұшқан Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағына оқ ату туралы бұйрық берген. Minval мақаласында редакцияға "сенсациялық материалдар көрсетілген анонимді хат" келіп түскені айтылған. Хатпен бірге ұшаққа соққы жасалған сәтте түсірілген бейне және аудиожазбалар да болған.

Паладичуктың түсініктемесінде тікелей Embraer 190 ұшағы аталмайды. Онда "тұман салдарынан көрінбей тұрған әлеуетті нысан" туралы айтылған. Капитан Паладичук 51-дивизияның әскери командалық пунктіне биіктігі мен жылдамдығын айтып, нысан туралы мәлімдеген. Содан кейін ол телефон арқылы нысананы жою туралы бұйрық алып, операторға атуға пәрмен берген. Алғашқы зымыран нысанаға тимеген соң, Паладичук қайта атуға бұйрық береді.

The Insider мәліметінше, Дмитрий Паладичук Ресейдің ӘШҚ түрлі бөлімдерінде, соның ішінде ӘҚК мен ӘШҚ 14-армиясында қызмет еткен. Капитан басылымға түсініктеме жазғанын телефон арқылы растаған.

"Паладичук "ұшаққа оқ атқаннан" кейін "армия қолбасшысының талабымен" түсініктеме жазғанын растады, сондай-ақ өзінің жазу ерекшеліктерін, мысалы, "ё" әрпін жазу тәсілін атап өтті. Сонымен қатар, оның дауысы әзербайжандық БАҚ жариялаған видеодағы дауыспен сәйкес келеді", – деп жазады The Insider.

Еске салсақ, Бакуден Грозныйға бет алған AZAL әуекомпаниясының Embraer ұшағы 2024 жылғы 25 желтоқсан күні таңертең Қазақстанның батысындағы Ақтау маңында апатқа ұшыраған еді. Ол Ұшақта бес экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Олардың 38-і қаза тауып, 29-ы аман қалған.