Қоғам

Жамбыл облысында жаназа намазын шығару үшін 100 мың теңге төлеу талап етілетіні туралы ақпарат жұрттың ашуын туғызды

Белгілі айтыскер Сарысу ауданында жаназа намазын шығару үшін үлкен көлемде ақша талап етілетіні туралы айтты.

Сарысу ауданында жаназа намазын шығару үшін 100 мың теңге төлеу талап етілді деген ақпарат тарады. Бұған қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Жамбыл облысындағы өкілі түсініктеме берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы айтыскер Алик Бекмусаев әлеуметтік желіде жазды. Оның айтуынша, Сарысу ауданында жаназа намазы үшін 100 мың теңге сұралатын көрінеді. Мұндай соманы қайтыс болған адамның туыстарынан ауданға қарасты елді мекендердің бірінде талап еткен.

Бұған қатысты Жамбыл облысының бас имамы Асқар Сатығланов түсініктеме берді.

“Жаназа үшін ақы белгілеу шариғатқа қайшы. Мешітке ресми түрде тіркелген ешбір имам діни рәсім үшін ақы талап етуге құқылы емес. Мұндай жағдайлар тексерілуі керек, мүмкін, бұл адамдардың мүфтиятқа қатысы жоқ болуы мүмкін”, – деді ол.