Ішегі шіріп кеткен: Алматыда кесар тілігі арқылы босанған әйелдің ішінде дәке қалып қойған
Дәрігерлер босанған әйелдің ішінде қалып қойған дәкені 9 айдан кейін ғана анықтады
Алматыда №2 қалалық перзентханада есар тілігі арқылы босанған әйелдің құрсағында дәке қалып қойған. Ол 9 айдан кейін ғана анықталған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы жәбірленушінің адвокаты Анна Чернова мәлімдеді.
Оқиға 2024 жылдың тамызында болған. Келіншек үшінші баласын босанғаннан кейін ауырған. Бірақ дәрігерлер УДЗ қарап, "бәрі жақсы" деп үйіне шығарып жібереді. Осыдан кейін әйелдің жағдайы нашарлай бастаған. Түнімен ұйықтай алмай, жүре де алмай қалған. Тіпті жаңа туған сәбиін көтеруге шамасы келмепті. Жеке клиникаларға да барып қаралған, бірақ нақты диагноз қойылмаған.
Осы жылдың мамыр айында ғана компьютерлік томографияда кіші жамбас тұсынан бөгде зат анықталған. 3 маусымда жедел түрде ота жасалып, хирургтар құрсақ қуысынан 9 ай бұрын ұмытылған дәке салфетканы алып шыққан. Осы уақыт ішінде ол іріңдеп, перитонитке және ішкі органдардың зақымдануына әкелген. Ішектің бір бөлігін алып тастауға тура келген.
"Егер тағы бір апта кешіккенде, науқасты аман алып қалу мүмкін болмас еді", – дейді дәрігерлер.
Қазір әйел нәжіс жинағыш қаппен жүруге мәжбүр. Оған ішек қызметін қалпына келтіруге арналған тағы бір операция қажет.
Ендігіде науқас медицина қызметкерлерін жауапқа тарту үшін сотқа шағым түсірмек. Ал Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне тексеріс жүргізу туралы ресми сұраныс жолданғанын хабарлады.
«Медициналық орытынды бойынша заң аясында тиісті шаралар қабылданады», – делінген басқарма хабарламасында.