Бұрынғы вице-министрлердің ұсталуы: пәтерлерін тінту кезінде 200 миллион теңгедей ақша табылды
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде бірнеше адам ұсталды.
ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ және "Бірінші кредиттік бюро" ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты ірі көлемде пара алу және пара беру дерегі бойынша тергеуді бастады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Тергеу барысында "Бірінші кредиттік бюро" ЖШС басшылығы қаржы ұйымдарының сұраныстарын өңдеуге ақпараттық қызмет көрсету кезінде "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ басшылығына жүйелі түрде заңсыз сыйақы бергені анықталды.
28 маусымда Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын өткізген. Осы кезде 75 мың АҚШ доллары көлеміндегі пара беру кезінде "Бірінші кредиттік бюро" ЖШС-нің бас директоры, "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ-ның басшысы, "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ-ның бұрынғы басшысы ұсталған.
"Күдіктілердің тұрғылықты жерін тінту барысында 370 мың АҚШ доллары және 4,5 млн теңге көлеміндегі ақша тәркіленді. 30 маусымда сот санкциясымен А.Сарбасовқа, Р.Омаровқа және Д.Арғандықовқа 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр", - деп жазылған хабарламада.