Қоғам

«Артында екі жасқа толмаған бүлдіршіні бар»: Жетісу облысында күйеуі әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінді

Ер адам әйелін өлімші етіп сабап тастаған.

Жетісу облысының Ақсу ауданында ер адам өз әйелін ұрып, денесіне ауыр жарақаттар қалдырған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл оқиға Баласаз ауылында орын алды. Қайғылы оқиға 22 маусымға қараған түні болған.

«Криминальный Казахстан» Telegram-каналының мәліметінше, 30 жастағы Айзатты күйеуі ұрып-соққаннан кейін оны ата-анасының үйіне, одан соң аудандық ауруханаға апарған. Бірақ ол жерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, науқас Талдықорған қаласына жеткізілген. Ол жаққа жеткенше әйел көз жұмған.

Марқұмның туыстарының айтуынша, әйелдің денесінде көптеген көгерген іздер мен ашық жаралар болған.

«Біз мәйітті ешқандай құжатсыз алып кеттік. Денесінде сау жер қалған жоқ. Толықтай көгерген, жаралы. Бұл – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың нақты көрінісі. Оны күйеуі өлтірді. Біз әділ тергеу жүргізіліп, кінәлі жауапқа тартылсын деп талап етеміз. Артында екі жасқа да толмаған бүлдіршіні мен ата-анасы аңырап қалды», – деді әпкесі.

Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Күдікті ретінде ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.