ҚМДБ еліміздегі мұсылмандарды бет-әлпетті толық жабатын киімге тыйым салуды қолдауға шақырды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылмандарға қатысты мәлімдеме жасады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) елімізде никабқа тыйым салу мәселесін қолдайтынын мәлім етті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі хабарлайды.
Басқарма өкілдері бұл шара дінге қарсы емес екенін түсіндірді. Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып отырғанын атап өтті.
"Бұл шешім діни сенімдер мен жеке таңдауларды шектеу үшін емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігінен туындап отыр. Бүгінде әлемнің көптеген елдері, соның ішінде мұсылман мемлекеттер де осындай шараларды қабылдап жатыр", – делінген ҚМДБ баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.
Сонымен қатар құран мен хадистерде әйелдерге бет-жүзін жабу міндетті емес екенін көрсетті. Ал жаңа заңнамалық өзгерістер дін ұстанушылардың құқығын шектемейді, керісінше, қоғамдағы келісімді сақтау мақсатын көздейді.
"Құран мен хадистерден байқағанымыздай, әйелдерге бет-жүзін жабу міндетті емес. Бұл дәстүр біздің халқымыздың салт-дәстүрінде де кең тарамаған. Қазақстан мұсылмандарының біртұтас діни қауымдастығы ретінде біз қоғамдағы тұрақтылықты, бірлікті және келісімді ең басты құндылықтардың бірі деп санаймыз. Ислам – қоғаммен үйлесімді өмір сүруге, тәртіп сақтауға және мемлекет ішіндегі бейбітшілікке шақыратын дін", – деп түсіндірді діни басқарма.