Жамбыл облысының экс-әкімі Кәрім Көкірекбаев 12 жылға бас бостандығынан айырылды
Қазселденқорғау бұрынғы басшысы Кәрім Көкірекбаев кінәлі деп танылып, 12 жылға сотталды.
Жамбыл облысының экс-әкімі, "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің бұрынғы бастығы Кәрім Көкірекбаев 12 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Алматы облысындағы алқабилер соты облыстың және Қазселденқорғау бұрынғы басшысы Кәрім Көкірекбаевты, оның орынбасары Әділет Ахатаевты және мердігер Андрей Поплавскийді кінәлі деп тапты.
“Тергеу мәліметтері бойынша Көкрекбаев пен Ахатаев мердігер ұйымның директоры Поплавскийден аса ірі көлемде пара алған. Ақша іс жүзінде орындалмаған, аяқталды деген жұмыстардың актілеріне қол қою үшін аударылған”, – делінген хабарламада.
Көкірекбаев 12 жылға, Ахатаев пен Поплавский 11 жылға сотталды. Үшеуі де өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, Кәрім Көкірекбаев 2022 жылғы желтоқсанда аса ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталған еді.