Діни басқарма никабқа тыйым салуға қатысты пікір білдірді
Құран аяттары мен хадисте баяндалғандай әйел кісілер бет-жүзін жабуға немесе бүркемелеуге міндетті емес
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бет-әлпетін толық жабатын киімге тыйым салатын заңға қатысты өз ұстанымын жариялады.
Жақында президент қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін толық жабатын киімге тыйым салу туралы заңға қол қойды.
"Бұл шешім қандай да бір діни сенімді немесе жеке таңдауды шектеу үшін емес, ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігінен туындап отыр. Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдері, оның ішінде мұсылман елдері де қауіпсіздік мақсатында осындай ұстанымды қабылдап жатыр", - делінген мүфтият мәлімдемесінде.
Осы орайда дін өкілдері қасиетті Құранда әйел кісілердің әурет жеріне қатысты аят та, хадис те бар екенін еске салды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: "Уа, Әсма! Балиғат жасына жеткен қыздың (сырт көзге) мына екеуінен басқа жерінің көрінгені дұрыс емес деп, беті мен екі қолын көрсеткен" (имам Әбу Дәуід).
Осылайша, Құран аяттары мен хадисте баяндалғандай әйел кісілер бет-жүзін жабуға немесе бүркемелеуге міндетті емес. Халқымыздың дәстүрінде де ондай шектеу жоқ.
"Біз еліміздегі мұсылмандардың біртұтас діни бірлестігі ретінде, қоғамдағы тұрақтылық, ынтымақ пен бірлікті басты құндылықтарымыздың бірі деп бағалаймыз. Ислам діні де қоғаммен жарасымды өмір сүруді, тәртіпке бағынып, мемлекеттің тыныштығына үлес қосуды насихаттайды. Сондықтан да заңға түсіністікпен қарап, ортақ игілік жолында бірлігімізді бекемдейік", - делінген ресми хабарламада.