"Серозды менингит жұғуы мүмкін": мамандар аптап ыстықта субұрқақтардың суына түсу қауіпті екенін ескертті
мамандар күн ыстықта атқылап тұрған субұрқақтардан абай болуға шақырды.
Мамандар күн ыстық деп субұрқаққа түсуге болмайтынын ескертіп отыр. Себебі ол адам өміріне қауіпті. Кез келген уақытта тоқ ұру, ауру жұқтыру қаупі бар, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап.
"Субұрқақтағы сулар уақытылы ауыстырылмайды. Тіпті мүлде ауыстырылмауы да мүмкін. Оның ішінде құстар да жүреді, шаң тозаң да түседі. Қаңғыбас иттер де, жануарлар да жүруі мүмкін. Сондықтан түрлі инфекциялық аурулар, бактериялар толып жүреді. Суға түсіп жүрген бала байқаусызда су жұтып қойған жағдайда, ол түрлі энтеровирустық инфекцияларға, серозды менингит деп айтамыз, түрлі жіті ішек инфекцияларына шалдығады", - дейді ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев.
Ал қала тұрғыны Арайлым Құлшығаш субұрқақ маңына балалары жиі келетінін айтады. Қарсы болғысы-ақ келеді, бірақ олардың көңілін қимайды.
"Енді өздерінің қалауы ғой, ойнағысы келіп тұр, бала болғаннан кейін. Біз азанда келіп ойнағанбыз, әлі ойнап жүрміз, үстері су болса да, күн ыстық кебеді. Менің мамам ұрсады, айтқанын істей берме, деп. Бірақ енді өзімізде ондай нәрсе болмағаннан кейін жоқ дегім келмейді. Әйтеуір қарап жүрміз ғой қасында", - дейді қала тұрғыны.
Тұрғындардың пікірі әр түрлі болғанымен, қауіп ортақ. Субұрқақ суының астында жоғары кернеулі сымдар, жарық шамдары, сорғылар мен құбырлар орналасқан. Су арқылы тоқ өтіп кетсе, қайғылы жағдай болары анық. Сондықтан мамандар ата-аналардан жауапкершілік танытуды сұрайды.
"Жаз мезгілінде балалардың субұрқаққа түсіп, салқындағысы келетіні жиі байқалады. Субұрқақтардың түбінде насос, электр желілері, сондай-ақ жарық шамдар сынды электр желілері бар. Олар байқаусызда тиіп кетсе, тоқ соғу қаупі бар. Сонымен қатар ата-аналардан сұрарымыз, балаларыңызға қауіпсіздік ережелерін түсіндірсеңіз екен және неге субұрқақтарға шомылуға боламайтынын айтып отырса екен", - дейді қалалық Есіл ауданы әкімінің кеңесшісі Құралай Сіләмбекова.
Қала көркін арттырып тұрған субұрқақ – демалу үшін, шомылу үшін емес. Бір сәттік сергіп қалам деп, өміріңізге қауіп төндірмеңіз, дейді мамандар. Бала аманат, ал амандық, сақтықтан басталады.