«Базарда істейтін болсаң, мындағы орынды босат»: Жазира Жаппарқұлға Шымкент спорт басқармасы қысым жасауда
Жазира Жаппарқұлдың базарда сауда жүргізетінін білген Шымкент қалалық спорт басқармасы оған қысым көпрсете бастаған.
Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, ауыр атлет Жазира Жаппарқұлға Шымкент қалалық спорт басқармасынан қысым жасалып жатқаны туралы журналист Ақырыс Сейітқазы Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Айтуынша, өзіне жоғары тараптан қысып жасалып жатқанын спортшының өзі хабарлаған.
«Таңертең Жазира хабарласты. Маған сұхбат берген соң, Шымкент қалалық спорт басқармасынан қысым көріп жатыр. Олар спортшының базарда сауда жасайтынына шүйлігіп отыр. Жазира мемлекеттік ArtSport бағдарламасы арқылы 20 млн аса қарызданып қалған. Спорт мектебінде алатын 350 мың теңгесі жетпеген соң, қарыздан құтылу үшін базарда тойбастар, бесік құралдарын сатады қосымша. Енді Шымкент қалалық спорт басқармасы базарда істейтін болсаң, мындағы орынды босат деп, қиғылық салып жатыр», - деп жазды журналист.
Ақырыс Сейітқазы Жазира Жаппарқұл қарыздарын жабу үшін базарда сауда жасап жүргенін айтты.
«Егер жағдайы бес боп тұрса, Жазира базар аралап жүрмейді ғой. Артспортқа алған спорттық құрылғылардың біразын арзан бағаға, біразын тегін беріп жіберіпті. Әлі біраз кілем, татамилері шаң басып, қорада тұр. Мемлекеттің бағдарламасынан опық жеген спортшыға осылай бас салу дұрыс па? Қазір бапкерлерде айлық аз, бәрі қосымша жұмыс істейді. Такси жүргізеді, 3-4 залда еңбек етеді. Жазира Жаппарқұл да қарызын жабу үшін тентіреп жүр. Олимпиададан жүлде алған қыздарымыз көп пе еді? Толып жатқан чемпионымыз бар ма? Осы бір қарапайым қазақ қызына неге шүйлігіп қалдыңдар, шымкенттіктер? Спорт министрі де қаршадай қазақ қызының мәселесін шешіп берсе болар еді…», - деп жазды Ақырыс Сейітқазы.
Айта кетсек, бұған дейін Жазира Жаппарқұл Aqyrys Seitqazy YouTube арнасына берген сұхбатында спорттағы мансабын аяқтаған соң, елге қызмет етуді мақсат тұтқанын, бірақ жетекшілік лауазымдарға орналасу жолында түрлі тосқауылдарға тап болатынын ашық айтқан еді.