Қоғам

«Ыңырсығандар мен ренжігендердің тұтас бір тобыры»: Алматыда мейрамхана иесі шымкенттіктерді «тобыр» деп атап, сынға қалды

Белгілі кәсіпкер шымкенттіктерді тобырға теңеп, оларды "сыған" атады.

Алматыдағы Панфилов көшесінде орналасқан Bitanga мейрамханасы шымкенттіктерді қорлайтын пікір қалдырған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Threads әлеуметтік желісінде алматылық қыз отбасының 50 жылдығын тойлайтын мейрамхана іздейтінін жазған. Рның жазбасына Bitanga мейрамханасы шымкенттіктер туралы пікір білдірген.

"Отбасыңда жетімнен бастап, шымкенттік 800 адамнан тұратын тобырға дейін бар ма? Анықтау керек. Өйткені ыңырсығандар мен ренжігендердің тұтас бір тобыры Алматыға келіп жатыр", – деп жазған олар. 

Бұл пікір желі қолданушылары арасында сынға ұшырады. Солтүстікке қазақтарды қоныстандыру мәселесін көтеріп жүрген "Тәуекел" ұйымының жетекшісі Бурахан Дақанов дәмхана жауапқа тартылуы керегін айтты. 

"Алматыдағы мейрамхана жазып отырған мына пікірі үшін жауапқа тартылуы керек. Еліміздің демографиясына, экономика және идеологиясына орасан үлес қосып жүрген осы шымкенттіктер екенін ұмытпауымыз керек. Дәмхананың иесі Ермек деген жігіт. Ал мейрамхана украиналық тағамдар жасайды", – деп жазды ол. 

Бірақ мейрамхана өкілі өзінің қарағандылық екенін жазып, шымкенттіктерді Италияның оңтүстігіндегі сығандарға теңеді.

"Неге тобыр деген сөзге ренжіп отырсыздар? Шымкенттіктер отбасы дәстүрімен өмір сүреді. Мысалы, бұл мейрамхананың иелері қарағандылықтар. Біз жақта той жылына бір-екі рет болады. Солтүстік пен оңтүстік қазақтарының өмір сүру салты Италияның солтүстік пен оңтүстік тұрғындарының айырмашылығына ұқсайды. Италияда солтүстіктегілер тұйықтау, немістерге ұқсайды. Ал оңтүстігін мекендейтіндер отбасымен бірге немесе кейде сығандар секілді тұтас тобырмен өмір сүреді", – деп жазған Bitenge мейрамханасы. 

Алайда біраз уақыт өткеннен кейін Bitanga мейрамханасының негізін қалаушы Ермек Смайылов шымкенттіктерден кешірім сұрады. 

"Пікірлеріміздің бірінде қолданған "Шымкенттік тобыр" деген сөз қала тұрғындарының көңілін қалдырғанына өкінемін. Бұл сөз қорлау мақсатында айтылған жоқ. Тек көп адам мен олардың тобын айту мақсатым болды. Нәтижесінде мен СММ маманы ретіндегі өкілеттігімді тоқтаттым. Енді корпоративтік аккаунттан әлеуметтік желілерде пікір жазбаймын. Бүкіл ұжымның атынан өтініш ретінде сіздерді жеке парақшама шақырамын. Мен шымкенттіктерді жақсы көремін және құрметтеймін", – деді ол.