«Түрмеде отыру – оңай шаруа емес»: Мейірхан Шерниязов бостандыққа ерте шығуының себебін түсіндірді
Бостандыққа шыққан Мейірхан Шерниязов алғаш рет видео жариялады.
Қаржы пирамидасын құру және басқару бойынша кінәлі деп танылған вайнер Мейірхан Шерниязов бостандыққа шықты. Ол алдағы уақытта не істейтінін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Түрмеден шыққан вайнер видео жариялап, көпшілікті мазалаған басты сұраққа жауап берді.
2024 жылғы желтоқсанда сот Шерниязовтың жаза жеңілдету туралы өтінішін қанағаттандырмаған болатын.
"Біреулер неге аз отырдың дейді. Біріншіден, түрмеде отыру – оңай шаруа емес. Екіншіден, кейбір жерде дұрыс жазылмаған. Бізді 2022 жылғы 19 сәуірде ұстады, ал үкім 2024 жылғы 1 ақпанда заңды күшіне енді. Мен қауіпсіздігі төмен колонияда отырдым. Мұндай жағдайда тергеу изоляторындағы әрбір бір күн екі күн болып есептеледі. Егер барлығын есептесек, мен толық мерзімді өтедім, басынан аяғына дейін. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату болған жоқ, сот жазаны жеңілдетуге келіспеді, амнистияға да ілікпедік. Біздің іске қатысты халықтың сұрағы көп. Бәрін біртіндеп айтамын. Босқа жатқан жоқпыз, кино, сериалдар ойластырып жаттық", – деді вайнер өз видеоүндеуінде.
Сондай-ақ, ол түсірейін деп жатқан киносы туралы бөлісті.
Еске салсақ, 2023 жылғы маусымда Мейірхан Шерниязов пен Мейіржан Төребаев инвестициялық пирамида құрып, оны басқарғаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.