«Бірінің туысы министрлікте істейді»: Шерзат Полат ісіндегі адвокат өзіне қысым жасалып жатқанын мәлімдеді
Адвокат Мейірман Шекеев сотталушылардың бірінің туысы министрлікте істейтінін айтып, халыққа үндеу жасады.
16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысындағы адвокат Мейірман Шекеев өзіне қысым жасалып жатқанын мәлімдеді, – деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Адвокаттың жазуынша, сотталушылардың бірінің туысы министрлікте жұмыс істейді.
«Құрметті халқым, маған қысым жасалып жатыр. Қолдауларыңызды сұраймын. Шерзаттың ісін алғалы маған жан-жақтан жасырын қысым жасалып келеді. Бәріне сабырлықпен төзіп келе жатқан маған енді біреулер басқаша әрекет етпек көрінеді. Шерзаттың апелляциялық сотына жібермеу мақсаты ма әлде басқа ма, әзірге нақты білмедім. Десе де Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Тулебаевтың маған айтпағанымды айттың деп, жеке ұйғарымдағы уәждерді көзіңді бақырайтып қойып, ойдан құрастырғаны жәйдан жай емес екені айдан анық. Алдында сотталушылардың бірінің туысы министрлікте істейді дегенде мән бермеп едік. Алайда менің білуімше жел сол жақтан тұрып жатқан сияқты. Әділетті сот жоқ жерде, әділетті Қазақстанның иісі де шықпас..», - деді ол.
Сондай-ақ, адвокат сот кезінде судьяның оның сөзін жоққа шығарып, өштескенін айтты.
«Тек артымда қолдаушы халқым тұрғанда мені ешкім сындыра алмас. Сот процесінің аудио, бейнежазбасы жазылып жатқанын біле тұра, судья осындай қадамға барса, басқалардан не күтуге болады? Судья менің болжамды пікір айтуға құқымды шектеп, кесімді түрде айттың деп өштескені анық көрініп тұр. Одан қалса митингі туралы құрастырып айтқанына енді сөз жоқ. Адамнан жасырғанды Алладан жасыра алмайсың ғой, құрметті судья. Ақиқат бәрібір шығады емес пе? Қалай ойлайсыздар, бұл жерде мені жазалағаннан гөрі, судьяны жазалағанға негіз көп емес пе?» - деді қорғаушы.