Қоғам

«Шымкент жастар театрының» директорына 136 млн теңге жымқырды деген айып тағылды

Шымкентте театр директоры мен өзге де лауазымды тұлғалар қамауға алынды.

"Шымкент жастар театры" МКҚК директоры мен өзге де лауазымды тұлғаларға қатысты 136 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу аяқталды.

Театрға мемлекеттік бюджеттен концерт ұйымдастыруға қажет жабдықтарды – колонкалар, сабвуферлер, сахналық фермалар, күшейткіштер мен микрофондар сатып алуға 320 миллион теңге бөлінген.

Алайда сатып алу талаптарын бұза отырып, лоттарды қолдан бөлшектеу арқылы 20-дан астам атау бойынша сатып алу электронды дүкен арқылы жүргізілген.

"Электронды сауда алаңы арқылы жабдықты нақты жеткізбеген жалған жеке кәсіпкерлермен келісімшарттар жасалып, қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Күдіктілердің бірі қылмыстық жолмен алынған табысқа жалпы құны 48 млн теңгені құрайтын автокөлік пен пәтер сатып алып, мүлікті жасыру мақсатында оларды сенімді адамдардың атына рәсімдеген", - делінген ведомство таратқан хабарламада.

Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынған, күдіктілер қамауға алынған.