Қоғам

Бір кереует 1,2 миллион теңге: Қызылордада аурухананың бас есепшісі 129 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасының бас есепшісі кереуетті сатып алу бағасын үш есеге көтеру арқылы мемлекет қаржысын жымқырған.

Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасының лауазымды тұлғаларының бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды. Қаржылық мониторинг агенттігі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Аурухананың бас есепшісі медициналық кереуетті сатып алу бағасын үш есеге көтеру арқылы мемлекет қаржысын жымқырған. 2 ай мерзімге қамауға алынды.

"Тендер нәтижесінде ЖШС мен аурухана арасында жалпы құны 259 миллион теңгеге 220 медициналық кереует сатып алуға шарт жасалған. Бір кереуеттің бағасы 1,2 миллион теңге деп көрсетілген. Бірақ шын мәнінде оның нақты сатып алу бағасы 460 мың теңгеден аспаған, яғни көрсетілген бағадан үш есе арзан болған. Осылайша негізсіз қосылған шығын көлемі 129 миллион теңгеге жетті. Тергеу барысында күдіктілердің 111 миллион теңге тұратын мүлкіне тыйым салынды", - деп жазылған хабарламада.

Мемлекетке келтірілген 129 миллион теңге көлеміндегі залал толық көлемде өтелді. Қылмыстық іс сотқа жолданды.