Қазақстан футзал қауымдастығының жаңа президенті тағайындалды
Нұрсұлтан Құрман жаңа қызметке келді.
Қазақстан футзал қауымдастығының жаңа президенті қызметіне спорт менеджері Нұрсұлтан Құрман тағайындалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасап.
ҚФФ-ның мәліметінше, Нұрсұлтан Құрман 2023-2024 жылдары Қазақстан футзал қауымдастығы президентінің орынбасары қызметін атқарған. Бұл кезеңде ол медиа стратегия мен коммуникация бағыттарына жетекшілік еткен.
2025 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі болған. Сонымен қатар 2025 жылдың мамыр айында ҚФФ Атқарушы комитетінің құрамына енген.
"Нұрсұлтан Құрман спорт саласында көпжылдық тәжірибеге ие. Ол Қазақстанның футбол және футзал чемпионаттарын ақпараттық жағынан тұрақты түрде қамтып, бірқатар арнайы медиа-жобаларды әзірлеу мен дамытуға қатысты. Сондай-ақ ұлттық деңгейдегі турнирлерді ұйымдастыруға және бұқаралық футболды дамыту бастамаларын жүзеге асыруға белсене атсалысты.
Нұрсұлтан Құрман жетекшілік ететін кезеңде қауымдастық футзалдың институционалдық дамуын күшейтуді, турнирлердің географиясын кеңейтуді, өңірлік деңгейдегі қатысушылардың белсенділігін арттыруды және жарыстарды сапалы медиа сүйемелдеумен қамтамасыз етуді көздеп отыр", - делінген хабарламада.
ҚФФ өкілдерінің хабарлауынша, бұған дейін осы қызметті атқарған Талғат Қосмұхамбетов Қазақстан футзал қауымдастығы вице-президенті болады.