Қызылорда облысында мектепте жарақат алып, мүгедек болып қалған 8 баланың әкесі өтемақы ала алмай жүр
Мектепте 19 жыл қызмет еткен көпбалалы әке жарақат алғаннан кейін мүгедек болып қалған.
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы №121 мектептің бұрынғы қызметкері Нұрлан Ерғонтаев ауыр жұмыс кезінде жарақат алып, мүгедек болып қалған. Қазір 52 жастағы азамат балдаққа сүйеніп жүреді және жұмысқа жарамсыз, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.
Нұрлан Ерғонтаев мектепте 19 жыл техникалық қызметкер болып істеген. Оның айтуынша, алғаш рет 7 жыл бұрын мектептің дәретханасын жөндеу кезінде үстіне қабырғаның кірпіші құлап кеткен. Ауыр жарақат алғанына қарамастан, отбасын асырау үшін қайта жұмысқа шыққан. Алайда былтыр мектептің жылу қазандығында тағы жарақат алып, содан бері жұмысқа жарамсыз болып қалған.
Нұрлан Ерғонтаевтың жұбайы Айнұр Тоқсанбаева сол мектептің еден жуушысы. Әйелінің сөзінше, күйеуі 8 баланы асырап отырғанын және жолдасының денсаулығы нашарлап кеткенін айтып, тиісті 40% өтемақыны талап етіп жүр.
Еңбек инспекциясы екі жағдайда да мектеп басшылығының кінәсі бар екенін анықтап, жұмысшының қауіпсіздігіне жеткілікті мән берілмеген деген шешім шығарған. Яғни Нұрлан Ерғонтаевтың жарақаты жұмыс орнындағы қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы салдарынан болған.
Алайда мектеп директоры Мұхтар Жұматаев өтемақы туралы нақты шешім әлі шықпағанын, құжаттарды прокуратура қарап жатқанын айтады.
"Бұл жерде 40% ақша төленсін деген сөз жоқ. Тек жұмысқа жарамсыз деген сөз тұр дедім. Прокуратура заңдылығын көретін шығар", – деді мектеп директоры.
Қазір бұл отбасы тек Айнұр Тоқсанбаеваның табысына қарап отыр. Ерлі-зайыптылар әділдік іздеп, сотқа жүгінуді қарастырып отыр.