Қоғам

Қыз 14 жаста: Қарағанды облысында 36 жастағы ер адам мектеп оқушысымен бірге тұрған

36 жастағы ер адаммен бірге тұрған жасөспірімнің анасы ата-ана құқығынан айырылды.

Қарағанды облысы Теміртау қаласында 14 жастағы жасөспірім қыз 36 жастағы ер адаммен бірге тұрып келгені белгілі болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Оқушы қыздың анасын ата-ана құқығынан айыру туралы талап-арыз қаралды. Бұл туралы Қарағанды соттары Telegram-арнасында мәлімдеді.

"Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Теміртау қаласы білім беру бөлімінің азаматша Ч.-ға қатысты, 2010 жылы туған кәмелетке толмаған қызы А.-ға қатысты ата-ана құқығынан айыру және алимент өндіру туралы талап арызы қаралды. Талап арыз баланың өмір сүруіне, білім алуына қажетті тұрмыстық жағдайдың жоқтығы, жауапкердің қызының тәрбиесіне және күтіп-бағуға қатыспауына, жұмыс істемеуі, моральға жат өмір салтын ұстануы, ішімдікке салынуы, ата-аналық міндеттерін орындамауы, баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі, балаға ешқандай қызығушылық танытпауына негізделген. Соның салдарынан кәмелетке толмаған А. 14 жасынан бастап 36 жастағы ер адаммен бірге тұрған.

Жауапкер Ч. полиция басқармасында "баласының тәрбиесі мен оқуы бойынша міндеттерін орындамайтын, олардың мінез-құлқына теріс әсер ететін ата-ана" ретінде есепте тұрады. Ол бірнеше рет ата-аналық міндеттерін орындамағаны, спирттік ішімдіктер ішкені, баланың түнгі уақытта заңды өкілінсіз үйден тыс жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған", - делінген хабарламада.

2025 жылғы 12 наурыздан бастап жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған және қазір де сол жерде.

Қыз және анасы сотта оны ата-ана құқығынан айырмауды өтінді. Бірақ анасы ата-ана құқығынан айырылып, одан баланы асырауға алимент өндірілді. Жасөспірім қорғаншылық және қамқоршылық органының қамқорлығына берілді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.