Күн ыстықта ұйқыны қандыратын екі әдіс: дәрігер кеңесімен бөлісті
Аптап ыстықта ұйықтай алмайтын адамдарға арналған екі әдіс.
Танымал ұлыбританиялық дәрігер Амир Хан аптап ыстықта ұйықының қануына көмектесетін екі қарапайым әдісті бөлісті. Оның кеңестері әлеуметтік желілерде кең таралып, бүгінде мыңдаған адамға көмектесіп жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Daily Mirror басылымына сілтеме жасап.
Бірінші кеңес - желдеткіштің алдына мұз немесе мұздатылған бұршақ салынған ыдыс қою. Дәрігердің айтуынша, бұл әдіс ауаны салқындатып, "қолдан істелген кондиционер" әсерін береді.
Екінші кеңес - тосын әрі қарапайым: "Бір жұп шұлықты пакетке салып, ұйықтардан бір сағат бұрын мұздатқышқа қойыңыз. Төсекке жатар алдында соларды киіп алыңыз. Бұл дене температурасын төмендетіп, тезірек ұйықтауға көмектеседі", – дейді ол.
Бұл кеңестер желіде жылдам таралып жатыр. Бейнежазба мыңдаған лайк жинады. Пікірлерде қолданушылар: "Керемет!", "Шұлыққа қатысты идеяға рақмет", "Оңай әрі тегін әдіс екен" деп жазып жатыр.
Дәрігерлердің түсіндіруінше, ұйықтап жатқанда адамның дене қызуы төмендеуі керек. Сондықтан ыстық ауа райы ұйықтауға кедергі келтіреді, кейде тіпті ұйықтаған күннің өзінде, ұйқы қанбайды.
Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі (NHS) ересек адамға тәулігіне орта есеппен жеті-тоғыз сағат ұйқы қажет екенін айтады. Ұйқының жетіспеуі денсаулыққа, зейін қоюға және жалпы хал-жағдайға кері әсер етеді.
Егер ұйқысыздық жиі қайталанып, күнделікті өмірге әсер ете бастаса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет.
Дереккөз: Tengrinews.kz