Қорғаныс министрінің орынбасары қызметінен кетті
Мемлекет басшысының өкімімен Бақытбек Сапарбекұлы Сыдықов қызметінен босатылды.
Қорғаныс министрінің орынбасары жұмысынан кетті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
«Мемлекет басшысының өкімімен Бақытбек Сапарбекұлы Сыдықов Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымынан босатылды», - делінген Ақорда хабарламасында.
Ол бұл қызметке 2023 жылдың маусым айында тағайындалған.
Қазақстан әскерінде генерал-майор Бақытбек Сыдықов әскери училищенің курсантынан бастап, Қарулы күштердің қару-жарақ бастығына дейінгі жолдан өтті. Ол әр жылдары техникалық бөлім және қару-жарақ бойынша жауапты қызметтер атқарды.
«Шығыс» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары (қару-жарақ бойынша), Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының орынбасары (материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша), ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық саясат департаментінің бастығы болды.
1991 жылы Владикавказ жоғары жалпы әскери командалық училищесін, 1999 жылы Кеңес Одағының маршалы Р. Я. Малиновский атындағы Бронды әскерлер әскери академиясын, 2013 жылы Ұлттық қорғаныс университеті әскери және мемлекеттік басқару факультетін бітірген.
Тәжікстан Республикасының аумағында құқықтық тәртіпті сақтау, мемлекеттік объектілерді күзету және қорғау жөніндегі міндеттерді орындады.