Саясат

Бектенов оңтүстікте суармалы суды пайдаланудағы заңсыздықтар үшін лауазымды тұлғалар жауапқа тартылатынын айтты

Премьер-министр Олжас Бектенов вегетациялық кезеңнен өту және елдің оңтүстік өңірлерін суармалы сумен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде жиын өткізді.

Қазақстанның оңтүстігінде ылғалды көп қажет ететін дақылдарды рұқсатсыз егуге жол берген лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды KYN..KZ үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жергілікті жерлердегі ахуал туралы су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндама жасап, Түркістан, Қызылорда облыстарының әкімдері тыңдалды.

Үкіметтік баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында оңтүстік өңірлердің бүгінгі су шаруашылығы жағдайы талқыланды. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметтері бойынша қазіргі уақытта су қоймаларындағы су көлемі - 19,2 млрд текше метр. Суармалы су көлемінің 98 пайызын оңтүстіктегі бес өңір – Жетісу, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары пайдаланады, бұл аймақтарда 1,2 млн га жер суарылады.

Бекітілген жоспарға сәйкес, аталған өңірлерге биылғы суару маусымында 10,1 млрд текше метр су беру жоспарланып отыр.

"15 шілдедегі жағдай бойынша әзірге 7 млрд текше метр су жұмсалған, вегетациялық кезеңнің соңына дейін тағы 3,1 млрд текше метр су берілмек.

"Қазгидромет" РМК-ның мәліметінше, биылғы суару маусымы еліміздің оңтүстік өңірлерінде жауын-шашынның аз түсуіне байланысты созылып барады", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ жиын барысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркістан облысында ылғалды көп қажет ететін дақылдарды рұқсатсыз егудің, сондай-ақ оңтүстік өңірлерде суды заңсыз пайдалану фактілері анықталғаны туралы баяндады.

"Олжас Бектенов қолда бар су ресурстарын тиімді пайдалануды қатаң бақылауды қамтамасыз етуді және мұндай фактілерге жол бермеуді тапсырды. Түркістан облысы әкімдігіне халықты үздіксіз сумен қамтамасыз ету үшін алдын ала тиісті шаралар қабылдау міндеті жүктелді.

Тиімділік пен үнемділікке, ведомствоаралық өзара іс-қимылға баса назар аудара отырып, су тәуекелдерін алдын ала басқаруға көшу қажеттігі атап өтілді. Ылғалды көп қажет ететін дақылдарды рұқсатсыз егуге жол берген лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады", - делінген үкімет хабарламасында.

Сонымен қатар жиында Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жер асты сулары кен орындарының ресурстарын пайдалану бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды.