Заңгер қазақстандықтарға интернет алаяқтардың белгілері мен олардан сақ болудың жолдарын атады
Нұрсұлтан Орынбеков: Алаяқтардың негізгі құрбандары - студенттер, зейнеткерлер, үйде отырған аналар.
Интернет алаяқтары туралы не білеміз? Олардың ең жиі кездесетін формалары қандай? Олардан сақтану үшін алдымен не нәрсеге мән беру керек?
Осы және өзге де сұрақтарға заңгер, «Alayaq net» жобасының авторы Нұрсұлтан Орынбеков жауап береді. KYN.KZ тілшісі көпшілікке интернет алаяқтардан сақ болудың негізгі жолдарын ұсынады.
- Интернет алаяқтығы туралы көп естіп жатамыз. Қазақстанда интернет алаяқтың ең жиі кездесетін формалары қандай?
- Қазіргі таңда ең өзекті және адамдар алданып жатқан жиі кездесетін банк қызметкерлері немесе полиция қызметкері болып видеоқоңыраумен хабарласып, «сіздің шотыңыздан күмәнді операциялар жасалып жатыр» деген хабарламалар. Банк қызметкерлері болып «сіздің атыңыздан несие алып жатыр» деп жауапты тұлғалардың атынан жалған хабарласатындардан алданып жатқандар көп. Мысалы, менің өндірісімде бар іс бойынша Астана қаласының тұрғыны 35 миллион теңгесін аударып жіберген. «Түрлі қауіпсіз шоттарға ауыстырамыз» деп алдаған. Ол туралы біз қанша айтсақ та алаяқтардың қақпанына түсіп қалып жатыр. Ең жиі кездесетіні банк, полиция, Ұлттық банк қызметкерлері болып хабарласатындардан көптеп алданып жатыр.
- Интернет алаяқтарынан тіпті пәтерлерінен айырылып қалып жатқандар да жоқ емес. Оларды қалай сан соқтырып кетіп жатады?
- Иә, алаяқтарға алданып пәтерлерден де айырылып қалып жатқандар бар. Ол жайлы мәжіліс депутаттары да айтып жатыр. Жақында ғана ардагер журналист Кәкен Қамзин ағамыз да алаяқтарға алданып, үйінен айырылып қалды. Бұл да әртүрлі банк, полиция қызметкерлері болып хабарласып «түрлі операциялар жасалып жатыр, сіздің шотыңызға лаңкестікке ақша аударылды» деп алдайды. Одан кейін ол адамға «барлық мүлкіңіз бұғатталады. Тез арада шешу керек. Ол үшін біздің қызметкердің атына немесе үшінші тұлғаның атына аударасыз, болмаса сату керек. Сатуға шығарсаңыз, біздің адамдар дайын» деп алдап, үйлерін тартып алып жатқандар да бар. Схемалары әртүрлі болуы мүмкін. Үйді алатын адамдар келеді немесе ломбардқа, басқа да ұйымдарға кепілге қойып үйлерінен айырылып қалып жатқан жағдайлар да бар. Әр жағдайда әртүрлі. Бірақ көбінесе осы схема бойынша жұмыс жасайды.
- Адамдар өздерін интернет алаяқтарынан сақтану үшін не істеу керек? Алдымен не нәрсеге мән беру керек?
- Алаяқтардан сақтану үшін ең бірінші сауаттылық керек. Біз банкті, полицияны кіналап жатамыз. Бірақ адам ең бірінші кезекте өзін кінәлау керек. Қанша ақпарат айтылып жатса да, адамдар критикалық жағдайда өз-өздерін басқара алмай қалып қалады. Осындай жағдайда бірден 102-ге хабарласып, полициямен байланысуға үйрену керек. Болмаған жағдайда, дер кезінде заңгерлерге жүгіну керек. Ең бастысы, қаржы және құқықтық сауаттылықты арттырып, алдануға жол бермеу керек. Күмәнді операциялармен қорқытатыннан бөлек, адамдардан тез байып кеткісі келіп ақшаларынан айырылып қалып жатқан жағдайлар да бар. Ең бастысы – тез баю мүмкіншілігі жоқ екенін түсіну керек. Сондай-ақ, өздерінің жеке деректерін сақтап, оны ешкіммен бөліспеу қажет. Мұны үш топқа бөлуге болады. Біріншісі ол – құқықтық сауаттылықтарын арттыру керек. Екіншісі, дер кезінде құқықтық органдарға хабарласу қажет. Ол ақпарат алу үшін, көмек алу үшін керек. Полициядан хабарласып тұрмыз дегеннің өзінде, полиция сізбен байланысып, ешқандай мән жайды түсіндірмейді. Үшіншісі ол – тез байып кету деген мүмкін емес. Ондай фантазиядан айырылу керек. Ешқандай да жеңіл ақша жоқ екенін түсіну керек.
- Қай әлеуметтік топтар интернет алаяқтарының басты нысанасына айналады?
- Көбінесе алданып қалатын зейнеткерлер, үйде отырған жалғыз басты аналар. Табасы табамыз одан сайын табысынан айырылып қалып жатқан жандар. Соларға қарай көбінесе жұмыс жасайды. Олардың қатарына студенттерді де қосуға болады. Жұмыс іздеген адамдарды түрлі алаяқтықтық істерге арбайды. Оларды өздерінің алаяқтық схемаларына қосулары әбден мүмкін. Ал студенттер оны тіпті байқамай да қалуы мүмкін.
- Заңгер ретінде ең жиі айтатын кеңесіз қандай?
- Ең жиі айтатын кеңесім ол – алданатын жол іздегенше, алданбайтын жол ізде. Қазіргі таңда барлығымызда телефон бар. Прокуратура болсын, полиция болсын, жеке тұлғалар болсын барлығы алданбау жолдарын көрсетіп жатыр, үйретіп жатыр. Уақытылы оқып, танысу қажет. Алданбайтындар көп болған сайын, алдайтындар да азая түсетін болады. Сондықтан әрбіріміз жақындарымызға алданбайтын материалдармен бөлісу керек. Мысалы, осы сұхбатты дегендей. Ата-аналар балаларына, ата-әжелеріне сақтық туралы жиі айтып отыруымыз керек.
- Киберқауіпсіз қоғам құру үшін әрбір азамат не істеуі керек?
- Киберқауіпсіз қоғам құру үшін әрбір азамат бүгін айтып кеткеннің бәрін орындау қажет. Бір-бірімізге жанашырлықпен қарауымыз керек. Тек полиция қызметкерлері емес, қоғамдық ұйымдар да, әрбір БАҚ қызметкерлері де үнемі алаяқтық факторлары туралы айтып, ескертіп отыру тиіс. Барлық адамдарды сақтандыруымыз керек. Жеке мәліметтерімізді ешкіммен бөліспеуіміз керек. Цифрлық гигиена дегенді түсінуіміз қажет. Карточкаңызды, шоттарыңызды басқа біреудің пайдалануына жол бермеңіз. Танысыңыз болса да, ешкімге карта ашып беруге болмайды.