Қостанайда соққыға жығылған хирург санавиациямен елордаға жеткізілді
Кезек күтуден шаршаған тұрғын ештеңеге қарамастан дәрігерді сабап, өлтіре жаздаған.
Қостанайда ер адам операциядан шыққан хирургті аяусыз соққыға жыққан. Сараптама нәтижесі ер кісінің миына қан құйылғанын, желке сүйегінің сынғанын көрсеткен. Қазір оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
Оқиға облыстық аурухананың қабылдау бөлімінде болған. Дәрігер күрделі отадан шығып, бөлмеге кіре берген сәтте кезегін күткісі келмеген ер кісінің соққысына тап болды. Куәгерлердің айтуынша, ашуға булыққан азамат бірден жұдырық ала жүгіріп, дәрігерді есінен тандырған.
"Емделуші кезекте үшінші болып тұрған. Алайда дәрігердің кабинетке кіргенін байқап, ішке баса-көктеп кіріп, ештеңе түсіндірместен соққы жасаған. Оқиға мына бөлмеде болды. Бейнебақылау орнатылмағанымен, куә болғандар бар",-деді Қостанай облыстық ауруханасының баспасөз хатшысы Ксения Барабанова.
Шабуыл салдарынан дәрігер жабық бас-ми жарақатын алған. Сараптама нәтижесі ер кісінің миына қан құйылғанын, желке сүйегінің сынғанын көрсетіпті. Қазір оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
"Компьютерлік томография нәтижесі субдуралды қан кетуді, мидың шайқалуын және желке сүйегінің бойлай сынығын көрсетті. Қазір науқасқа тиісті ем жасалып жатыр. Жағдайы тұрақты ауыр",-деді Қостанай облыстық ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Евгений Ковалев.
34 жастағы хирург-уролог Антон Кистановпен болған жаға ұстатарлық жайттан соң Денсаулық сақтау министрлігі ауруханалардағы қауіпсіздік жүйесін қайта қарауға кірісті.
"Мұндай жайттардың көбінде қабылдау бөлімінде болатыны белгілі. Дәрігерге жасалған мұндай әрекетті қоғамдық қауіпсіздікке қатер деп түсінуге болады. Қыркүйек айында медицина қызметкерлерін қорғауға қатысты жазаны күшейтетін заң жобасын Парламентке енгіземіз. Барлық емдеу мекемелерінде бейнебақылау, күзет және дабыл түймелері орнатылуы керек", - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Жұмыс орнында жұдырық астында қалған дәрігердің ісіне қатысты облыс әкімі Құмар Ақсақалов та түсініктеме берді. Өңірдегі барлық ірі денсаулық сақтау мекемелерінде арнайы күзет бекеттерін орнату туралы шешім қабылданды. Енді дәрігерлердің қауіпсіздігін полиция жанындағы мамандандырылған күзет қызметі қамтамасыз ететін болады.