Мәслихат депутаты: Көптеген қарапайым тұрғындар құқығы бұзылса сотқа беруге ұялады, заңгерге баруға қорқады
Мәслихат депутаты Нұрайым Шақимерген көпшілікті "заң жұмыс істемейді, әділдік жоқ" деп налымастан, әр адам өз құқығын білгені абзал екенін айтты.
Қазақстанда адам құқықтарының қорғалуы қаншалықты жоғары деңгейде? Заң мен әділет арасындағы айырмашылық бар ма? Қоғамдағы әділеттілікті орнату үшін әр адам неден бастауы керек? Осы және өзге де сұрақтарға Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Нұрайым Шақимерген KYN.KZ тілшісіне жауап береді.
Қазақстанда адам құқықтарының қорғалуы қаншалықты жоғары деңгейде?
Құқық қорғау жағынан бізде ілгерілеу бар. Заңдарымызда адам құқықтары жақсы жазылған, көптеген халықаралық құжаттарға қосылдық, тіпті соңғы жылдары халықтың өз құқығын қорғауға деген талпынысы да байқалады. Бірақ шынайы өмірде қиындықтар да жоқ емес. Құқығы бұзылғанда қайда барып, қалай қорғанарын білмейтін адамдар көп. Мысалы, ауылдағы апаларымыз немесе жұмыстан қысқартылған қарапайым жұмысшы сотқа шағымдануға ұялады, заңгерге баруға қорқады немесе «бәрібір ештеңе өзгермейді» деп сенбейді. Мұны өзгерту үшін заң ғана емес, халықтың да сана-сезімін ояту керек деп ойлаймын. Құқықты білу — өзіңді қорғаудың алғашқы қадамы.
Құқықтық көмекке мұқтаж адамдарға мемлекет тарапынан қандай қолдау бар?
Қазір мемлекет құқықтық көмекке зәру адамдарға тегін көмек береді. Әсіресе әлеуметтік әлсіз топтарға — жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге заңгерлік кеңес те, соттағы қорғау да тегін ұсынылады. Бірақ бұл мүмкіндікті көп адам білмейді немесе «маған бермейтін шығар» деп күмәнданады. Мысалы, мен өзімнің қабылдауыма келген кейбір аналарға заңгерге жол көрсетсем, олар таң қалып: «Бұл тегін бе? Қалайша?» деп сұрайды. Демек, ақпараттандыруды күшейту керек. Бар нәрсені білмей, пайдаланбай отырғандар көп.
Заң мен әділет арасындағы айырмашылық бар деп ойлайсыз ба?
Иә, бар деп ойлаймын. Заң — ол бәріне ортақ ереже. Ал әділет — адамның ішкі сезімі, ар-ұжданы. Кейде заң бойынша бәрі дұрыс жасалған сияқты, бірақ адамның көңілінде әділдік сезілмей қалады. Мысалы, жұмыстан қысқартылған кезде заң бойынша өтемақысы төленеді, құжаттар дұрыс рәсімделеді, бірақ ол адамның жаны жабырқаулы болады, «мұны басқаша шешуге болар еді» деп ойлайды. Сол сияқты, заңды қолданғанда тек бапқа емес, адамның жағдайына да қарап, әділ шешім қабылданса, ол заң да, әділет те орындалады деп ойлаймын.
Соңғы енгізілген заңнамалық өзгерістердің қайсысы аса маңызды деп ойлайсыз?
Соңғы кезде саяси реформалар көп болды. Мені қуантқаны — халықтың таңдауына көбірек мүмкіндік беретін өзгерістер. Мысалы, бұрын мәслихатқа, мәжіліске тек партия арқылы ғана өтетін болса, қазір жеке адамдар да кандидат бола алады. Бұл — халықтың даусын көбірек естуге жол ашты. Қарапайым, беделі бар адамдар сайлауға түсіп, өз ойын айтып, халыққа қызмет етуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңдар да қатайды, балалардың құқығын қорғау жағы да жақсарды. Бұл да өте маңызды қадам деп ойлаймын.
Қоғамдағы әділеттілікті орнату үшін әр адам неден бастауы керек?
Меніңше, бәрі әр адамның өзінен басталады. Әділетті болу — үлкен, биік сөз емес. Ол кішкентай істерден көрінеді. Үйде балаңа әділ болу, жұмыста әріптесіңе әділ болу, көшеде кезекте тұрғанда да біреудің жолын кеспеу — осының бәрі әділет. Әркім өзінен бастап әділ болса, қоғамда да әділеттілік көбейеді. Біз көбіне әділетті өзгеден күтеміз: мемлекеттен, соттан, басқадан. Ал әділдікке өзіміз үлес қосатынымызды ұмытып кетеміз. Сол үшін өзіңнен бастауды үйрену керек деп ойлаймын. Сол кезде ғана бүкіл әлемде, айналамызда әділеттік орнайды, оған әрбіріміз үлесімізді қосамыз.
Қорытындылай келе,біздің елде адам құқықтарын қорғау бағытында алға жылжу бар, бірақ әлі де жұмыс көп. Мемлекет те өз рөлін атқару керек, халық та белсенді болып, құқықтарын қорғауды үйренуі керек. Ең бастысы — заңды да, әділеттілікті де бірге алып жүру. Сонда ғана біз әділ қоғамға жақындаймыз.
Мен үшін бұл сұхбат өте маңызды болды. Осындай маңызды тақырыптарды талқылауға мүмкіндік бергендеріңіз үшін kyn.kz редакциясына шын жүректен алғысымды білдіремін. Қоғамды ойландыратын, тәрбиелейтін сұрақтарды күн тәртібіне шығарып жүргендеріңіз үшін де алғыс айтамын. Шығармашылық табыс тілеймін!