Қоғам

Бишімбаев түрмеде шахмат ойнауды меңгеріп, араб тілін үйреніп жүр

Қуандық Бишімбаевтың түрмеде немен айналысып жүргені белгілі болды.

Қуандық Бишімбаевтың түрмедегі өмірі жайлы тың дерек шықты. Қазір ол тіл үйреніп, шахматпен айналысып жүр, бірақ әзірше жұмыс істемейді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Азаматтық некедегі жарының өлтіргені үшін сотталған бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев қазір түрмеде араб және ағылшын тілдерін үйреніп, шахмат ойнауды меңгеріп жүр. Ол түзету мекемесінде жұмыс таппағанымен, еңбек етуге дайын екенін айтқан.

Әпкесі Аружанның әлеуметтік желідегі жазбасына қарағанда, Қуандықтың жағдайы жақсы. Сот процесі кезінде оның тісі ауырып жүрген, қазір өзін қалыпты сезінеді.

Еске салайық, 2024 жылдың 13 мамырында Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ол жазасын Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №5 мекемесінде өтеп жатыр. Бұл мекеме аса ауыр қылмыс жасағандарға арналған ең жоғары қауіпсіздік деңгейіндегі колония болып есептеледі және Степногорскіде орналасқан. Астанадан шамамен үш сағаттық жол.