Жансақтау бөліміне түскен хирург есін жиды: министр дәрігердің жағдайын білді
Антон Кистанов барлығына алғысын білдіріп, өзін үлкен медициналық отбасының бір мүшесі ретінде сезінгенін айтқан.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жансақтау бөліміне түскен хирургтың жағдайын білуге ауруханаға барды. Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қостанай облыстық ауруханасында ауыр жарақат алған жас дәрігер Антон Кистанов санитариялық авиациямен Астанаға жеткізілген болатын.
"Мен оған қолдау білдіру үшін ғана емес, сондай-ақ еліміздің мыңдаған медицина қызметкері мен азаматтарының жылы лебізін жеткізу үшін бардым. Мәскеу университетінде жоғары медициналық білім алған, Отанға адал ниетпен келіп, адамдарды емдеп, өмірін сақтауға талпынған жас дәрігердің рухы сынып, психологиялық тұрғыда күйзеліп қалар ма екен деп іштей уайымдадым… Бірақ Антон Николаевичтің қайта аяққа тұрып, өз жұмыс орнына оралсам деген табанды ниетін көріп, көңілім орнына түсті", - деп жазды Әлназарова әлеуметтік желіде.
Оның айтуынша, Антон Кистанов барлығына алғысын білдіріп, өзін үлкен медициналық отбасының бір мүшесі ретінде сезінген.
"Ол әріптестерінің, пациенттердің және бей-жай қарамай, қолдау білдірген барлық отандасының шексіз қамқорлығы мен жанашырлығы жүрегін тебіренткенін жеткізді. Біз бәріміз жас дәрігеріміздің тезірек сауығып кетуіне зор үміт артамыз", - деп атап өтті министр.
Айта кетері, бұл оқиға 17 шілде күні Қостанай облыстық ауруханасында болған. Хирург ота жасап шығып, қабылдау бөлімінде науқастарды қарауға барған. Кезекте тұрған бір пациент кенеттен ашуға бой алдырып, дәрігерді бір ұрған. Хирург есінен танып қалып, жансақтау бөліміне түсті. Ал күдікті қамауға алынды.