Қазақстандық нарколог есірткіге тәуелділіктен арылудың жолдарын атады
Серазы Мамытов: Үйін сатып туысын емдеуге кірісетіндер бар. Бірақ олардың әрекеті бос әурешілік.
Бүгінгі таңда есірткімен күрес тек қана құқық қорғау органдарының немесе медициналық мекемелердің міндеті емес. Бұл — бүкіл қоғам болып бірлесіп шешуді қажет ететін күрделі мәселе. Есірткі – адам өмірін, денсаулығын ғана емес, бүтін бір елдің болашағын тұмшалайтын қауіп.
БҰҰ-ның мәліметі бойынша, дүниежүзінде жыл сайын 250 миллионнан астам адам түрлі психоактивті заттарды пайдаланады. Оның ішінде жастар мен жасөспірімдердің үлесі алаңдатарлық деңгейде. Қазақстан да бұл жаһандық проблемадан тыс емес.
Нашақорлықтан толықтай айығу мүмкін бе, жоқ па оған нарколог дәрігер Серазы Мамытов жауап берді.
«Бұл әлемдік деңгейдегі жаһандық мәселе. Өзінің ниеті болса, одан жазылып шығуға болады. Ниеті болмаса, оны қанша қуаласаң да емдей алмайсың. Мысалы, 1998 жылдан бастап бізде героин мен наркомания басталды. 2000 жылдары адамдар оның жақсы емес екенін түсініп, клиника ашылып, адамдар үйлерін сатып сонда барып жатты. Оның бәрі бекер. Нашақор тәуелділігін өзі қойғысы келіп, ниеттеніп, қиындыққа шыдап, өзімен күресуді өзі таңдауы керек. Өз басым 2000 жылдары 2-3 жылдай нашақорлар бөлімінің меңгерушісі болдым. Сол кезде нашақорларды көрдік. 30-ға дейін емделушілер жататын. Жиырма нашақордың біреуі толық емделіп шықса ол үлкен нәтиже болатын. Себебі оны қойдыру өте қиын», - деді нарколог Серазы Мамытов.
Есірткі саудагерлері көбіне жасөспірімдер мен жастарды нысанаға алады. Олар жеңіл жолмен ақша табу немесе "бос уақытты қызық өткізу" секілді ұрандармен жастарды арбауға тырысады. Бұл — олардың өмірін ғана емес, отбасын, болашағын түгел құртады. Жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру – тек тыйым салумен емес, тәрбие, білім және қолдау арқылы жүзеге асады.
Есірткіні қолданбауы үшін ата-ана не істеуі керек? Оның алдын алуы мүмкін бе? Нарколог-маман жауап берді.
«Оның алдын алу үшін үгіт-насихат жүргізу керек. Біз мектептерде, университет пен колледжерде есірткінің, ішімдіктің алдын алу үгіт-насихатын жүргіземіз. Алдын алу шарасында қалай екенін, не істеу керек екенін ескертеміз. Қандай жағдайда не болу керектігін. Наркологиялық орталықта бізде арнайы үгіт-насихат бөлімі бар. Солар айналысады. Мемлекеттік емес ұйымдармен де осы жағынан жұмыс жасаймыз. Алдын алу шарасы, үгіт-насихат Қазақстан бойынша барлық жерде өткізіледі. Егер есірткіде анаша болса ол тек 25 күнде ғана ағзадан шығады. Наркотест деген нәрсе бар, заманауи құрылғылар. Соны тексерген уақытта ол көрсетеді. Ал героин, басқа есірткілер 1 аптаның ішінде көрсетеді. Жалпы айтпағым, жеткіншек балалары бар ата-аналар әрдайым үгіт-насихатын жүргізіп, есірткінің де, ішімдіктің де қаншалықты зиян екенін айтып отыруы қажет», - деді Серғазы Мамытов.
Мемлекет тарапынан заң, құқық қорғау, емдеу, оңалту шаралары маңызды. Бірақ қоғам мен отбасының қолдауы болмаса, нәтиже әлсіз болады. Құқық қорғау органдары — таралу жолдарын кесуге міндетті, Денсаулық сақтау жүйесі — тәуелділерге ем мен оңалтуды қамтамасыз етуі тиі Қоғам — стигма емес, түсіністік танытуы қажет. Есірткіге қарсы күресте жалғыз күресуші болмайды — бұл барлығымызға ортақ майдан.