Қоғам

Полиция мен жедел жәрдем жұмылдырылды: Алматыдағы балалар үйін босату кезінде үлкен шу шықты (ВИДЕО)

Алматыдағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығынан балаларды бүгін Конаевқа көшіру  басталды.

 Алайда кейбір тәрбиеленушілер өздерін әкетуге келген автобусқа отырмай, қарсы шығып, кетуден бас тартты.

Әлеуметтік желілерде балалардың шу шығарып, айқайға басқан видеолар пайда болды. Балалар шулап көлікке отырмай, автобустың жолын жапты.

Экс-балалар омбудсмені Аружан Саин осы кадрларды жариялап, жағдайға мемлекет тарапынан дереу араласуды талап ететінін атап өтті.

«Еркімен көшіру”  деген осы ма? Балалардың өз келісімінсіз жасалатын кез келген әрекет — бұл тек ҚР заңнамасын ғана емес, сонымен қатар Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясын да бұзу», - деді ол.

Ол Қазақстанның 1994 жылы Конвенцияны ратификациялағанын және 12-бабына сәйкес әр бала өз дауысының естілгенін, әсіресе, өзінің болашағына қатысты мәселелерде құқықтары бар екенін еске салды.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың наурызында осы балалар үйінің тәрбиеленушілері Конаевқа көшірмеуді сұраған видеоүндеу жазған болатын. Ол кезде балалар ғимараттың нағыз үйге айналғанын айтқан. Олардың сөздері қоғамда кең резонанс тудырды.

Шенеуніктер көшірудің себебі 1963 жылы салынған ғимараттың авариялық жағдайы екенін түсіндіреді. Бірақ еріктілер авариялық жағдайды растайтын ресми қорытындыны ұсынуды талап етеді.