«Қазақстан мамбеттерімен танымал»: желіде қазақша сөйлейтіндерді мазақ еткен қарағандылық кәсіпкер қамауға алынды
- автор Томирис Тоныкөк
- 21 шілде, 2025
- 119

Әлеуметтік желіде мұсылмандарды шошқаға теңеген және қазақстандықтардың ар-намысына тиетін жазба қалдырған қарағандылық кәсіпкер Алика Мұхамадиева уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оның ұсталуына желіде «Қазақстан несімен танымал?» деген сауалға "мамбетами" деп жауап беруі себеп болған. Бұдан басқа ол қазақ тілінде сөйлейтіндерді мазақ еткен және "полукалбитский диалог" деп атаған.
«Ох мына полукалбитский диалогты ай. Ең өкініштісі "қазақша сөйле!" деп жыртылып жүрген кейбір қазақтардың өздері солай шала сөйлейді», - деген пікір қалдырған.
Бұл жазба бірден тарап, көпшіліктің ашуына тиді. Желі қолданушылары жаппай наразылық білдірді. Желідегі жазбаны көшіріп, үстінен арыз жаза бастады.
Бір апта бұрын ғана Алика Мұхамадиева мұсылмандарға қатысты жазба қалдырған.
"Мұсылмандар, сендерді бір емес бірнеше рет байқап жүрмін. Өздеріңді "шошқа секілді" ұстайсыңдар. Өздеріңнен кейін дәретхананың бәрі су болып жатады. Тіпті есіктің ұстағыштары да су. Әбден жыныма тиіп біттіңдер. Одан да үйлеріңде отырсаңдаршы, ешқайда шықпай" деп жазған.
Бұл ғана емес Сoffeetaipan компаниясының атынан 2GIS платформасында да қазақ тіліне қатысты пікір білдірген. Ол жерде Қазақстанды Украинаның тағдыры күтіп тұрғанын баса жазған.
Бұған қатысты қаржы сарапшысы Айбар Олжай "полукалбитский диалог" және "мамбеты" деген репликалары ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталғаны байқалатынын жазып, Бас прокуратураға арыз түсірген.
Кәсіпкер желіде қалдырған жазбалары үшін бүкіл қазақстандықтардан кешірім сұрады. Бірақ бұл көмектеспеді, полиция тергеуді бастап кетті. ҚР Қылмыстық Кодекстің 174-бабына сәйкес іс қозғалды. Енді оның кінәсі дәлелденсе, 2 жылдан 7 жылға дейін сотталуы мүмкін.