Қоғам

Теолог діни ағымдағы адамдарды қарапайым дін жолындағылардан қалай ажыратуға болатынын айтты

Дінтанушы Мұхит Тоқтасын адамның жат ағымда екенін екі сұрақ қою арқылы білуге болатынын айтты.

Діни экстремизм дегеніміз не? Діни бағыттары дұрыс емес адамдарды өзгелерден қалай анықтауға болады? Діни экстремизмнің алдын алу үшін ең бірінші кезекте не істеу керек?

Осы және өзге де сұрақтарға Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Дінтану кафедрасының аға-оқытушысы, Теология факультетінің Ғылым және тәрбие бойынша декан орынбасары, теолог Мұхит Тоқтасын жауап береді.

 KYN.KZ : Жалпы діни экстремизм дегеніміз не? Сұхбатты осыдан бастасақ...

Мұхит Тоқтасын: Діни экстремизм туралы соңғы кезде көп айтылып жүр. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін неше түрлі діни ағымдар, діни бірлестіктер елімізге кіріп, өздерінің әрекеттерін жүзеге асыра бастады. Негізі бұған алғашында дін туралы заңның өте төмен деңгейде  жазылғаны себеп болды . Яғни, діни бірлестіктерді саралап, талдау, сүзгіден өткізу мәселелері қарастырылмауының себебі өте қатты тиді. Теріс діни ағымдардың өршіп кетуіне осы заң себеп болды. Содан бастап Ислам атын жамылған небір ұйымдар Қазақстанға ағылып келіп, ел арасында неше түрлі әрекеттерін жүргізді. Жастарды, орта буын өкілдерін өздеріне тартып, радикал идеяларын насихаттай бастады. Діни экстремизм деген – бір діннің атымен кез келген әсіре шектен шыққан идеяларды, радикал насихаттарды көптеп тарату. Ислам дінін жамылған діни ұйымдар, жамағаттар бірлестіктер Исламдағы негізгі құндылықтарды Құран мен хадистерде жазылған, айтылған идеялардың барлығын теріс өздерінің мақсаттарына бұрмалап, әсірелеп, мүлдем негізгі мәніне сәйкес келмейтін мақсатта өздерінің арам пиғылына жүзеге асыруға талпынатын. Елдің негізгі құндылықтары, салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптарды жоққа шығару діни экстремизмнің негізгі сипаты. Яғни, елдегі қалыптасқан, орныққан құндылықтарды, жүйені мүлдем төңкеріп, ультра мақсаттарды арқау ететін басқа мемлекетті идея жасау ретінде көрсетеді. Діни экстремизм бір қазақстан үшін емес әлем жұрты үшін аса қауіп. Оны заң аясында тазартып, күдіктілерді жеке тұлғалар мен ұйымдарды жіті, қатаң бақылауда ұстап отыру керек.

 KYN.KZ : Діни бағыттары дұрыс емес адамдарды өзгелерден қалай анықтауға болады?

Мұхит Тоқтасын: Діни бағыттары дұрыс емес адамдарды сөздерінен, әрекеттерінен, өздерінің сыртқы белгілерінен жиі байқауға болады. 2000 жылдары олар өздерінің экстремизм идеяларын ашық насихаттайтын еді. Ол туралы ақпаратты ашық тарататын. Бірақ одан кейін мемлекет қатаң түрде заңнамаларды жетілдіріп, нақты шараларды қолға алғаннан кейін олар әрекеттерін астыртын, жасырын түрде жасауға көшті. Олар сөздерінен де, қимылдарынан да байқатпайтындай іске көшті. Бірақ қазір әлеуметтік желі дамып кеткеннен кейін олар көбінесе медиа өнімдерді халыққа тарату арқылы сананы улауға көшіп жатқанын көреміз. Адам бетпе-бет кездесіп, жүздескенде немесе сөйлескенде діни экстремизммен ауыратын адамды бірден байқауға болады. Олардың жанды жеріне тиетін сұрақтар қоюға болады. Мысалы, қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ырым-тыйымдарына байланысты көзқарастарын сұрайсыз. Одан кейін зират феномені деп айтамыз. Кесенелерді, әулие-әмбиелердің мазарларына қарасты көзқарастары және елдің тарихына, өткеніне байланысты, ұлы тұлғаларымыз туралы сұрақ қойған кезімізде олар көбінесе теріс, негативті жауап беруі әбден мүмкін. Содан олардың экстремистік идеяларға бейім болып бара жатқанын көруге болады. Интернеттің қарқыны күшейіп кеткені олардың да әрекеттерінің астыртын рең алуына да әсер етіп жатыр, оны мойындау керек. Олар экстремистік бар видеоларды, мәтіндерді желілерден таратып діни иммунитеті жоқ адамдарды улау жолдарын тауып алған. Оның алдын алу үшін өзіміздің ұлттық құндылықтарды барынша насихаттай беру керек. Өзіміз аңыз-ертегілеріміз, ғибратты әңгімелер, мақал-мәтелдерді, жырларды қосымша насихаттау керек. Сол кезде көзі ашық адам қайсыны тыңдау керек екенін ажырата біледі деп ойлаймын.