Нарколог: Маскүнемдікке салынған бір адам тұтас отбасына, әулетіне, тіпті еліне - жүк, проблема
Маман ішімдікке салынған адамдарды емші, бақсылар ешқашан емдей алмайтынын айтты.
Ішімдікке тәуелділік – қазіргі қоғамның көлеңкелі дерті. Ол тек жеке адамның денсаулығына ғана емес, отбасына, жұмысқа, қоршаған ортаға, жалпы ұлттың келешегіне теріс әсерін тигізеді. Кейбір деректерге сүйенсек, қылмыстардың 60%-дан астамы, жол апаттарының едәуір бөлігі, отбасылық зорлық-зомбылық — ішімдіктің әсерінен болады.
Қоғамда жолдасы, әкесі, туысы ішімдікті қойсын деп емшілерге жүгініп, жақын адамын қалай болмасын тоқтатуға тырысатындар көп. Бірақ ол көп жағдайда іске аспай жатады. Олай ішімдіктен адамды арылту мүмкін бе?
Осыған байланысты нарколог-маман Серғазы Мамытов жауап берді.
«Маскүнемдікке қарсы берілетін дәрілер бар. Оларды суға, шайға қосып бергенде, спирттік ішімдік ішкен кезде ағзасына улы зат түседі. Ол ағзадан шықпай, керісінше ағзаның улануына алып келеді. Соның әсерінен қан қысымы түсіп немесе көтеріліп, беттері қызарып, жүректері соғады. Бірақ кейін ол қайта қалпына келеді. Ал есірткі қабылдайтындарға ондай дәрі жоқ. Сондықтан ол тек маскүнемдерге беріледі. Сондай-ақ, темекіні қоя алмай жүргендерге де берілетін дәрілер бар. Ағзадағы никотинді қалпына келтіреді де, содан темекіні қоюға мүмкіншілігі болады. Маскүнемдерді емші арқылы емдеу - өзін өзі сендіру. Емшілердің барлығы психологтар. Емшілерге сеніп, өзін өзі сендіру арқылы ғана маскүнемділіктен құтылуы мүмкін. Ал былайша емшілерге барып емделу ол мүмкін емес нәрсе. Өйткені, емшілер тек оқиды, шоқиды. Ондай емделу біздің медицина тілімен айтқанда мүмкін емес. Олар да дәрі береді, араққа жиіркеніп қарайтындай қылып оқып жатады. Сол кездерде қойып қалулары мүмкін. Емшіге барғанша, дәрігерге барған мың есе артық. Медицинаға жүгінген дұрысырақ. Қанша дегенмен дәрігердің аты дәрігер. Қазақта «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар. Сондықтан әркім өзінің жұмысымен айналысу керек», - деді нарколог-маман.
Ішімдікті сатуды азайтса, маскүнемдердің саны азаюы мүмкін бе? Нарколог маман өз ойымен бөлісті.
«Маскүнемдікті тоқтату мүмкін емес. Горбачев кеңес одағын басқарып отырған кезде оңтүстіктегі шарап шығаратын зауытты, солтүстіктегі арақ шығаратын зауытты жаптырды, солай маскүнемдікті тоқтатамыз деді. Бірақ көп адамдар одан қырылып қалды. Неге? Өйткені, маскүнемдікпен ауыратын адам ешқашан тоқтай алмайды. Масаю ми уланған жағдайда пайда болады. Мұны тоқтатқан уақытта одан ештеңе ұта алмайды. Аурудың асқынған жағдайында олар қиын кезеңде болады. Ол уақытта олар кез келген нәрсені қабылдап, содан ләззат алғысы келіп кез келген спиртті дүниені қабылдай бастайды. Оны тоқтатқаннан пайда жоқ. Тоқтатамын деп әуре болудың ешқандай қажеті жоқ. Оны тоқтату өте қиын, тіпті оның қажеті де жоқ», - деді нарколог маман Серғазы Мамытов.