Мәдениет

«Қазіргі технологиялар — шығармашылық үшін күшті құрал»: белгілі педагог баланың қабілетін дамытудың жолдарын көрсетті

Белгілі педагог Юсуф Қонақбайұлы баланың шығармашылық қабілетін дамытудың не себепті маңызды екенін айтты.

Халықаралық жыл волонтері сыйлығының иегері, педагог Юсуф Қонақбайұлы балалар шығармашылығына қатысты тың мәліметтермен бөлісті. Сондай-ақ, ол  «Балалардың шығармашылыққа бейімділігі қай жастан бастап айқын көрінеді? Балаларға шабыт берудің ең тиімді жолдары қандай?» деген сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

  • Сіздің ойыңызша, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы неліктен маңызды?
  • Баланың шығармашылықпен айналысуы – оның жеке даралығын, ойлау қабілетін, эмоциялық әлемін дамытудың негізгі құралы. Әсіресе, еркін ойлау, қиялдау және өзін-өзі бейнелеу – тұлғаның толыққанды дамуына жол ашады. Шығармашылық барысында бала өз «ішкі әлемін» таниды, сол арқылы өзіне деген сенімділік қалыптасады. Шығармашылық тапсырмалар арқылы балалар ситуациялық ойлауды, проблема шешуді, бірнеше жолмен әрекет етуді үйренеді. Бұл қабілеттер қазіргі заманда тек өнер саласында ғана емес, барлық мамандықтарда маңызды.
  • Шығармашылық қабілет туа біткен қасиет пе, әлде оны дамытуға бола ма?
  • Көптеген адамдар шығармашылықты тек тумысынан берілетін талант деп қабылдайды. Алайда тәжірибелі педагог ретінде айтарым — шығармашылық адам бойында әртүрлі деңгейде болады, бірақ оны дұрыс бағытпен, жүйелі түрде дамытуға әбден болады. Көптеген оқушылар бастапқыда шығармашылықты нашар меңгергенімен, ынталандыру, еркін орта, шабыттандыру, қолдау арқылы өз әлеуетін аша бастайды. Дамуға ықпал ететін орта мен жағдай маңызды. Шығармашылық негізінен қоршаған орта мен тәрбиеге байланысты дамиды. Мысалы: Балаға еркін ой айтуға мүмкіндік берілсе, Қате жасаудан қорықпайтын орта болса, қиялын жүзеге асыруға жағдай жасалса шығармашылық күшейіп, дамып отырады.

Шығармашылық – тәжірибемен дамитын қабілет. Көптеген зерттеулер мен педагогикалық тәжірибе көрсеткендей, шығармашылық дағдылар – сурет салу, әңгіме жазу, музыка, ғылыми ойлау, актерлік шеберлік және т.б. – жаттығу, тәжірибе және кері байланыс арқылы дамиды.

  • Балалардың шығармашылыққа бейімділігі қай жастан бастап айқын көрінеді?
  • Баланың шығармашылыққа деген алғашқы бейімділік белгілері 2-3 жас аралығында байқала бастайды. Негізінен солай. Бірақ мен көбінесе жастармен жұмыс жасағандықтан ол жайлы айтқаным дұрыс болмас. Дегенменде ол кішкентай кезінен бастап айқын көрінеді. Бірақ, өзімнің де балаларым болғандықтан айтқаным артық болмас. Менің ойымша, баланың шығармашылыққа бейімділігі ерте жастан – 2-3 жастан бастап байқалады. Бірақ оны тану мен дамыту тек табиғи қабілетке емес, отбасындағы қолдау мен педагогикалық бағытқа да байланысты.
  • Сіз өз тәжірибеңізде шығармашылық қабілетті дамыту үшін қандай әдістер қолданасыз?
  • Жастарға дайын шеңберден шығуға мүмкіндік беру — шығармашылықтың алғашқы қадамы. Сабақта «Мозайка» әдісі — түрлі идеяны біріктіру арқылы жаңаша мазмұн жасау; Еркін эссе немесе «фантастикалық әңгіме» жазу — оқушы шектеусіз ойлануға мүмкіндік алады; Сурет, видео, дыбыс сияқты визуалды және аудио материалдар арқылы қиялын ояту секілді әдістерді қолданамын. Жастармен жұмыс жасағанда мен топтық жобалар мен театрландырылған тәсілдерді де жиі қолданамын. Көрініс қою, рөлдік сахналар жасау – ойлау, импровизация, ынтымақтастықты дамытады; Тақырыптық постер, презентация, видеоролик жасау – заманауи құралдармен шығармашылықты ұштастырады.
  • Балаларға шабыт берудің ең тиімді жолдары қандай деп ойлайсыз?
  • Әр жастың бойында өзіндік қызығушылық бар – бірі техникаға, бірі шығармашылыққа, бірі ғылымға жақын. Мұғалім ретінде мен олардың қызығушылығын назарға алып, соған сай бағыт беруге тырысамын. Жастардың көзіндегі отты байқап, соған қолдау көрсету арқылы ішкі мотивациясын оятамын. «Әр бала – жұлдыз, тек оған жарқырауға мүмкіндік беру керек» деген қағиданы ұстанамын. Жастармен жұмыс жасағанда олармен бірдей деңгейде сөйлесемін. Олармен дос болып, бірге сөйлес кезде ғана балалар саған ашыла түседі. Қызығушылықтарымен бірге жұмыс жасасаң балалар жаман болмайды, содан керісінше шабыт алады.
  • Қазіргі технологиялар (мысалы, әлеуметтік желі, гаджеттер) балалардың шығармашылығына қалай әсер етеді?
  • Гаджеттер мен әлеуметтік желілер – идеялар мен шығармашылық шабыттың қоймасы. Балалар Instagram, Pinterest, TikTok, YouTube секілді платформалардан: түрлі сурет, видео, музыка, хенд-мейд бағытындағы шабыт алады, басқа елдердің мәдениетімен, өнерімен, стилімен танысады, өз ойларын визуалды, дыбыстық, цифрлық түрде жеткізуді үйренеді. Мысалы, бір оқушым TikTok арқылы бейнеклип жасауға қызығып, кейінірек видеомонтажды кәсіби деңгейде меңгеріп алды. Яғни шығармашылық тек қағаз бен бояумен шектелмей, кеңейіп, заманға сай форматқа енеді. Қазіргі технологиялар — шығармашылық үшін күшті құрал. Бірақ оны қалай пайдаланатыны – педагог пен ата-ананың қолындағы бағытқа байланысты. Технологияны дұрыс бағыттасақ – ол баланың ой-өрісін кеңейтіп, болашағына қанат бітіре алады.

Kyn.kz порталының тілшісі филиолог, балаларды кітап оқуды қызықтырып жүрген блогер Орынгүл Алматпен балалар контенті жайында сұрап білді.

«Қазақ тіліндегі балалар контенті өте сәтті. Балаларымыз өз тілімізде контентті пайдаланса жаман болмайды. Иә, шетелдік youtube арналар көп, кейбір ата-аналар сондайды көп қосып жатады. Бірақ, оны ешкім сүзгіден өткізбейді. Ал өз тіліміздегі контенттерді алайық. Ол балалар туралы түрлі кітаптар, “Balapan” телеарнасындағы түрлі мультфильмдер мен анимациялық фильмдер, тіпті балаларға арнап контент түсіріп жүрген қазақша youtube блогерлер де бар. зақ тіліндегі ойыншықтар да көп. Соның барлығын балаларға дұрыс, жүйелі түрде ұсынсақ, балаларға қызығушылықтарын оятсақ, қазір қазақша контентті көбірек ұсынсақ дұрыс жаққа қарай, баланың дұрыс бағытқа бұруына себепкер боламыз. Ешқандай фильтр жасалмаған, интернетте тарап жүрген видеолар балаларға көбірек зиянын тигізеді. Балаға әйтеуір көрсін қосып қойып жатамыз. Шетелдің сапасыз дүниелерін ұсына бергеннен, өзіміздің контентті ұсынған мың есе артық», - блогер Орынгүл Алмат.

Балалардың шығармашылық қабілеті 4 жасында ең жоғары деңгейде, бірақ 5–6 жастан кейін күрт төмендейді. 1960‑шы жылдарға қарай жүргізілген NASA зерттеуі 5 жасар балалардың 98 %‑ы «гениалды» деңгейдегі шығармашылық қабілет көрсететінін, ал 15 жаста бұл көрсеткіш 12 %‑ға, ал ересектерде тек 2 %‑ға дейін төмендейтінін анықтады.

Balapan.kz, Zhas.kz сияқты платформалар балалар шығармашылығын дамыту және жариялау арқылы қазақ тілі мен мәдениетін қолданып, контент сапасын қамтамасыз етуде.