Қоғам

Гүлжанат Өмірбайқызы: Ауыл жастары өз құқығын дұрыс білмейді

Заңгер әсіресе ауыл жастарының құқықтық сауатын көтеруге күш салу керектігін айтты.

Заң мен әділеттің арасында айырмашылық бар ма? Жастар арасында құқықтық сауаттылық деңгейі қандай деңгейде? Заң бұзушылыққа байланысты қаншалықты жиі өтініш түседі? Осы және өзге де сұрақтарға Атырау облыстық жастар мәслихатының депутаты, әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөнінде тұрақты комиссия төрағасы, ”Ai-ana” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлжанат Өмірбайқызы жауап береді.

KYN.KZ: Заң мен әділеттің арасында айырмашылық бар деп ойлайсыз ба?

Гүлжанат Өмірбайқызы: Иә, айырмашылық бар. Заң – бұл мемлекет бекіткен нақты ережелер жиынтығы. Ал әділет – адамгершілік пен ар-ождан өлшемі. Кейде заң аясында дұрыс шешім қабылданғанымен, ол адамдық тұрғыдан әділетті болып көрінбеуі мүмкін. Сондықтан депутат ретінде әрбір мәселені тек заңмен ғана емес, әлеуметтік әділеттілік қағидасына сай қарауға тырысамын.

KYN.KZ: Қазіргі таңда еліміздегі және Атырау облысындағы құқықтық тәртіп жағдайын қалай бағалайсыз?

Гүлжанат Өмірбайқызы: Құқықтық тәртіп біршама тұрақты болғанымен, әлеуметтік топтар арасында құқықтық сауаттылықтың төмендігі, отбасылық жанжалдар, жастар арасындағы ерте жүктілік, әлеуметтік теңсіздік сияқты мәселелер өзекті болып отыр. Атырау облысында бұл – әсіресе ауылдық жерлерде сезіледі. Сондықтан тек құқық қорғау органдары ғана емес, қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтар да осы бағытта жұмыс істеуі тиіс.

KYN.KZ: Өзіңіз заң және тәртіп мәселелеріне қатысты қандай бастамалар көтеріп жүрсіз?

Гүлжанат Өмірбайқызы: Мен басқарып отырған “Ai-Ana” қоғамдық бірлестігі кәмелетке толмаған қыз балаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, оларды қоғамға бейімдеуге бағытталған. 2024 жылдың 27 шілдесінде біз Атырау қаласында «Іскер әйел ісімен көркем» атты форум ұйымдастырдық. Оған 300-ден астам адам қатысты. Форумға маркетолог, психолог, кәсібін нөлден бастаған кәсіпкер әйелдер және грант, субсидия саласындағы мамандар шақырылып, нақты тәжірибелерімен бөлісті. Мақсат — әйелдерге шабыт беру, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау.

Бұдан бөлек, “Ai-Ana” қоғамдық бірлестігі қарттар үйіне, аналар үйіне және балалар үйіне жиі барып, қайырымдылық шараларын өткізіп келеді. Көмекке мұқтаж әйелдерден психологиялық және құқықтық сипаттағы көптеген сұрақтар түседі, оларға біздің тұрақты заңгер мен психологтарымыз тегін кеңес береді. Әрбір жобамызды әлеуметтік желіде және БАҚ арқылы ашық жариялап отырамыз.

KYN.KZ: Өзіңіз құқық қорғау жүйесіне қандай өзгеріс енгізгіңіз келеді?

Гүлжанат Өмірбайқызы: Құқық қорғау жүйесі барынша жәбірленуші мүддесін қорғауға бағытталуы керек. Әйелдер мен қыз балалардың құқықтары жиі тапталып жатады, бірақ көптеген жағдайда олар қорғансыз, заңды толық түсінбейді немесе тиісті органдарға жете алмайды. Сондықтан:

          •         Жәбірленушіге бағытталған қолдау жүйесін күшейту;

          •         Құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың өзара байланысын нығайту;

          •         Әйелдер мен жастарға арналған қолжетімді құқықтық кеңес жүйесін құру — басты өзгерістердің бірі болуы тиіс деп есептеймін.

KYN.KZ: Жастар арасында құқықтық сауаттылық деңгейі қандай деп ойлайсыз?

Гүлжанат Өмірбайқызы: Жастардың құқықтық сауаттылығы — әлі де орташа деңгейде. Әсіресе ауыл жастары заң, құқық, өз мүддесін қорғау сияқты мәселелерге келгенде осал тұста. Бұл – жүйелі ақпарат пен білімнің жетіспеуінен.

Мысалы, мен Махамбет ауданындағы Мамандандырылған колледж студенттерімен кездесуде жатақхана мәселесі, студенттердің әлеуметтік жағдайы сияқты нақты проблемаларды көтердім. Бұл кездесуден жастардың қоғамдық процестерге қатысуға дайын екенін, бірақ қолдау мен бағыттың жетіспейтінін байқадым. Сондықтан біз құқықтық сауаттылықты оқу орындарында, жастар ұйымдарында және ауылдық жерлерде жүйелі түрде арттыруымыз қажет.

KYN.KZ: Сізге тәртіп немесе заң бұзушылыққа байланысты қаншалықты жиі өтініш түседі?

Гүлжанат Өмірбайқызы: “Ai-Ana” қоғамдық бірлестігіне ай сайын әйелдер мен жасөспірім қыздардан бірнеше өтініш түсіп отырады. Олар көбіне:

          •         Отбасындағы жанжал, зорлық-зомбылық;

          •         Ерте жүктілік жағдайы;

          •         Әлеуметтік қысым немесе ата-ана тарапынан қолдаудың болмауы;

          •         Құқықтық кеңеске деген сұраныс.

2024 жылы бізге 40-қа жуық нақты өтініш келіп түсті. Барлығына біздің заңгер мен психологтар жеке кеңес беріп, қажет болған жағдайда мемлекеттік органдармен бірге жұмыс жасады. Мәселенің әрқайсысын назардан тыс қалдырмай, практикалық көмек көрсетуге күш салып келеміз.

Ұлттық Статистика Бюросы жариялағандай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сенетін респонденттер үлесі 51% құрады, ішінара сенетіндер – 30,5%, сенбейтін сияқты адамдар – 4,7%, сенбейтіндер – 3,5%. Жауап беруге қиналған респонденттер үлесі 10,3 % құрады.

Экономикалық тергеу қызметіне сенетіндер үлесі 47,2% құрады, ішінара сенетіндер – 30,6%, сенбейтін сияқты адамдар – 5%, сенбейтіндер – 3,2%. Жауап беруге қыйналғандар үлесі 14% құрады.