Қоғам

Астанада ата-ана баласының еміне деп жинаған 1,3 миллиард теңгені бренд киімдерге және құмар ойындарға жұмсап келген

Ерлі-зайыпты жазылып кеткен баласының еміне 4 жыл бойы қаражат жинап келген.

Астанада ата-ана өз баласының еміне деп жиналған 1,3 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында мәлім етті.

Оның жазуынша, Дәулет пен Толқын Тотақановтар Instagram парақшасын ашып, ауыр диагноз қойылған ұлдары Алтаирге ота жасау үшін ақша жинаған. Емге қажет 50 миллион теңге жиналса да, олар қаражат жинауды жалғастыра берген. Сөйтіп 4 жыл ішінде олар 1,3 миллиард теңгеден астам ақша жинап алған.

Журналистің айтуынша, емделуге шамамен 6 миллион теңге ғана жұмсалыпты. Ал қалған ақша жеке қажеттіліктерге кеткен.

Бұл ақпаратты Астана сотының баспасөз қызметі растады. Жинаған ақшаның біршама бөлігі бренд киімдерге, құмар ойындарға, саяхаттауға жұмсалған.

"Ерлі-зайыптылары 2020 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Instagram желісіндегі (@altair_tota) парақша арқылы баласының ауруына қатысты жалған мәліметтер мен эмоциялық үндеулерді пайдаланып, баланы емдеуге деп қаражат жинауды ұйымдастырған. Алайда жиналған қаржының едәуір бөлігі (1,3 миллиард теңгеден астам) жеке қажеттіліктерге – құмар ойындарға, брендті киімдерге, саяхаттарға және басқа да мақсаттарға жұмсалған", – делінген сот хабарламасында. 

Қазіргі кезде ерлі-зайыптыға "аса ірі көлемдегі алаяқтық" және "қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты заңдастыру" баптары бойынша айып тағылып отыр.