«Олар да шаршайды»: Баян Алагөзова Жұбаныш Жексенұлына қатысты пікір білдірді
Баян Алагөзова Жұбаныш Жексенұлының басынан өткен жағдайға байланысты оған қолдау білдірді.
Продюсер Баян Алагөзова әнші Жұбаныш Жексенұлына қатысты дауға пікір білдірді, деп жазады KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Instagram желісінің сторис бөлімінде бөлісті. Айта кетсек, әуежейда Жұбаныш Жексенұлын суретке түсірмек болған әйел мен әншінің арасында кикілжің пайда болған еді.
"Әр адамның жеке кеңістігі бар. Әртістер де сіз секілді қарапайым адам. Олар да шаршайды, күйзеледі, ренжиді. Жолда кетіп бара жатқанда біреу үн-түнсіз камера қосып видеоға түсірсе немесе селфиге түсейік десе кез келген адамға ұнамасы анық. Кейде әртістердің көңілі болмай тұруы мүмкін. Ондай кезде ешкіммен суретке түскің келмейді. Мәселен менімен суретке түскісі келетін біреу болса, бірден «Сіз рұқсат алдыңыз ба менен?» деп айтамын. Өйткені менің дәл сол уақытта суретке түскім келмеуі мүмкін", – деді продюсер.
Алагөзова Жұбаныш Жексенұлын камераға түсірген әйелден де жауап алынуы тиіс екенін айтты.
"Біз Жұбаныштың басынан не жағдай өткенін білмейміз. Бірақ біреу келіп, камерасын қосып, "селфи жасайық" десе, адам ашулануы мүмкін. Бұл – адамдық реакция. Бірақ танымал адам болған соң, жұрт тек соны сөз етеді. Меніңше, мұндай жағдайда екі тарап та жауапкершілікпен қарауы тиіс", – деді ол.
Сондай-ақ, продюсер біреудің басына қиындық түссе, соны кінәлай жөнелетін желі қолданушыларына назын жеткізді.
"Біреудің басына қиындық түссе, жұрт соны жамандай кетеді. Көп жағдайда мәселенің мән-жайын анықтамай жатып, баға береді. Мен Жұбанышқа күш-қайрат тілеймін", – деді Алагөзова.