Руслан Берденов сот процесіне қатысуға мәжбүрлі түрде міндеттелді
Руслан Берденов өзіне жасалған қастандыққа қатысты сотқа келетін болды.
Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты істің алдын ала тыңдауы өтті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Сот отырысы барысында судья Әбінұр Қарабаев алдын ала тыңдауға қатыспаған Руслан Берденовті 6 тамызға белгіленген негізгі сот процесіне келуге міндеттеді.
Күдікті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі ("Адам өлтіруге оқталу") бойынша айыпталып отыр.
Еске салсақ, биыл 21 сәуірде Шымкент қалалық әкімдігінің ғимараты маңында Руслан Берденовке оқ атылған. Шенеунік жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Күдікті оқиға орнында ұсталды.