"Мен оны тіпті сүйіп қалдым": Алматылық бойжеткен интернет алаяққа қалай алдана жаздағанын айтты
Алма Нүрдінова: Актерлер сияқты сұлу жігіт желі арқылы танысып, видео қоңыраумен бір айдай сөйлесіп,өзіне мені ғашық етті.
Алматылық бойжеткен бір жыл бұрын шетелдікпен Инстаграм арқылы танысып, оған ғашық болып, құрған тұзағына түсе жаздаған. KYN.KZ тілшісіне Алма Нүрдінова (аты өзгертілген) өзге қыздарға сабақ болсын деген мақсатта өз басынан өткен жағдайды баяндап берді.
"Менің жасым отыздан асқан. Медбике болып жұмыс істеймін. Инстаграмыма әрине басым бос болғаннан кейін өзімнің ғана суреттерімді жүктейберемін. Бір күні өте әдемі, сымбатты тура бір кино актерлері сияқты жігіт жазды. Алғашында шатасқан болар дедім. Ол ағылшын тілінде жазатын. Мен онлайн аудармашыларды қолданып, ағылшынымды жөндей бастадым. Бір айдай сөйлестік. Ол менің сеніміме кіру үшін күніне жарты сағаттап видео қоңыраумен хабарласатын. Сондай сұлу жігіт. Мен негізі сондай бір ерекше сұлу емеспін.
Бірақ, ол мені мақтап, төбемді көкке жеткізетін. Арада бір айдай уақыт өтті. Ол Қазақстанға келетінін айтты. Дайындалдым. Кенет жұмыстан жібермей қалғанын, ойламаған жерден мәселе туындағанын жеткізді. Видеомен маған сыйлық ретінде үлкен бір сөмке толы затты жинады. Ішіне соңғы шыққан телефон, менің аяқ өлшемімді сұрап бренд аяқ киімдер. Қымбат сағат, әшекей бұйымдар. Мен есептесем 10-20 мың АҚШ долларының затын видеомен көрсетіп, дүкен аралап жүріп жинады. Соңында "Өзім бара алмайтын болдым, осыларды салып жіберемін" деді. Мен ертегідегі ханзаданы тапқандай қуанып, алып ұшып жүрдім.
Ертеңінде ол жігіт маған заттарды шекарада тәркілемес үшін, заңды өткізу бойынша бір карта нөмірлерін беріп, 2 мың АҚШ долларын салу керектігін түсіндірді. Сол кезде менің миыма жетті. Полицей құрбыма айтып едім дереу тоқтатты. Әйтпегенде мен қымбат сыйлықтар үшін ол ақшаны қарыздансам да тауып төлемек болдым",-дейді бойжеткен.
Алманың сөзінше күніне бір рет Лос-Анджелестен видео қоңырау соғып, сүйем-күйем деп жүрген жігіт сол бойы жоғалып кеткен. Ол басынан өткен жағдайды өзге бойжеткендерге сабақ болса екен деген ниетпен есімін, жүзін жасыра отырып баяндап берді.