Маман ішімдікті ұзақ тұтыну науқас ұрпаққа ұрындыратынын айтты
Серғазы Мамытов: Бұрындары ішімдікке еркектер көп салынатын. Қазір маскүнем әйелдер мен ер адамдар саны тең.
Нарколог маман ішімдік тұтынып мас жағдайда балалы көтерген жандардың сәбилері кемтар болып өмірге келетінін айтты.
«Ішімдік ер адамның да, әйел адамның да ағзасына өте зиян. Маскүнемдікпен ауыратын әйелден де, еркектен де туылған бала кемтар болып туылады. Себебі, ішімдік ішіп жүрген уақытта ер адамның да, әйел адамның да ағзасына ішімдіктің уы барғаннан кейін ол түгел ағзаны, ұрықты зақымдайды. Сондай-ақ, ішімдік еркектің еркектік қабілетін төмендетеді. Себебі, уланудың әсерінен алғашында сезімтал болады, күнде мас болып жүргеннен кейін жарамсыз, қабілетсіз күйге түседі. Соның салдарынан еркектік қабілеті жоғалады. Сондықтан өте зиянды нәрсе. Мұның барлығы уланудың әсерінен пайда болатын нәрсе», - деді маман.
«Әйелдер де, ер адамдар да ішімдікке салынып кетті»
Серғазы Мамытовтың айтуы бойынша, әйел мен ер адамның ішімдікке салынуы тең. Қазіргі таңда ер адамдар да, әйелдер де ішімдікке салынып кеткен көрінеді.
«Қазір ішімдікке кім көп салынады дегенде, еркектер мен әйелдердің арасында тепе-теңдік пайда болған. 90 жылдарға дейін көбінесе еркектер ішетін, әйелдер аяқ тартып ішпей жүретін. 90 жылдардан бастап бері қарай барлығы базарға шығып, сауда жасап жүріп денемізді қыздырып аламыз деп спирттік ішімдік ішіп жүрді. Ол кезде спирттің барлығы Қытайдан алынып келді. Ол жерде барлығы таза спирт болған жоқ. Шеттен алынып келген техникалық спирттер болды. Соның кесірінен оған тәуелділік тез пайда болып, қазір әйелдер де, ер адамдар да ішімдікке салынып кетті. Айырмашылық бір ақ нәрсе. Әйелдер басында жасырынып ішіп, кейін психикалық тәуелділік пайда болған уақытта олар көп жұрттың ортасында ішіп бастайды. Ал еркектерде керісінше. Олар басында жұрттың арасында ішіп жүріп, кейін маскүнемдікке салынып кеткеннен кейін жалғыз өзі іше бастайды. Тағы бір жағдай. Еркектерге қарағанда, әйелдер маскүнемдікке тез салынады. Себебі, әйелдердің ағзаларында еркектердің ағзаларына қарағанда 10% су кем. Әйелдердің маскүнемдікке тез салынуы да, тез мас болуы да осыдан. Себебі, спирттік ішімдік ағзаға түскен уақытта сумен араластырғанда оларға тез мас болып, маскүнемдікке салынып кетеді. Еркектер мен әйелдердің маскүнемдіктегі айырмалығы осы», - деді нарколог маман.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (WHO) дерегі бойынша, 15 жастан жоғары халық арасында Қазақстанда таза спиртке шаққанда орташа тұтыну шамамен 7,7 л/жыл. Яғни, Қазақстан әлем бойынша орташа деңгейде орналасқан.
Соңғы онжылдықта Қазақстанда регистрленген ішімдік тұтыну деңгейі 6,5 л (2009–2011)-ден 5,8 л (2015–2017) дейін төмендеген, ал жалпы 9,3 л-ден 7,7 л-ге түскен WHO .Бұл оң тенденция – ішімдікке бақылаудың күшеюін және халықтың денсаулықтық хабардарлығының артуын көрсетеді.