«Интимді жерінен ұстап алған»: Шымкентте такси жүргізушісі америкалық журналисті зорламақшы болды
Шетелдік журналист такси жүргізушісінің өзін зорлауға ұмтылғанын айтты.
Шымкентте такси жүргізушісі америкалық журналистті зорламақ болған. Полиция ер адамды анықтап, әкімшілік жаза қолданды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Шетелдік журналист Хоуп Лаудон әлеуметтік желіде жазған. Артынша «Немолчи.kz» қоры Facebook парақшасында жариялады.
Оқиға 2024 жылы болған. Ташкенттегі бұрынғы курстасына Лаудон Қазақстан арқылы бармақшы болған. Өзбек визасын рәсімдеуде қиындық туындап, оны Алматы – Ташкент пойызынан түсіріп, Сарыағашқа қайтарған. Журналистке сол жерде жергілікті жасөспірім үш мың теңге беріп, InDrive қосымшасы арқылы такси шақырып береді. Өйткені ол телефонсыз және ақшасыз қалған.
Әйелдің айтуынша, жүргізуші оны көлікте қорқытып, жыныстық сипаттағы әрекет жасағысы келген.
«Жүргізуші көлікте күмән туғызатын әрекеттер жасап, мазам қашты. Жылдамдықты 140-қа жеткізып, қосымша ақы талап етті. Біреулермен телефонда сөйлесті. Шымкентке жеткен соң, бір жерге кіріп шығатынын айтты. Ол мені алысқа, қала сыртына апарып, зорламақшы болды деп ойлаймын», — дейді Лаудон.
Хостелдің жанынан өтіп бара жатқанда, журналист таксиді тоқтатып, түсіп кетпекші болған. Сол кезде жүргізуші әйелдің «интимді жерінен ұстап алған». Журналист қарсылық көрсетіп айғайлағанда ғана ол тиісуін тоқтатқан.
«Жақсы адамдар бар екеніне сенемін. Бірақ бұл әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың бар екенін көрсетеді. Бір жасөспірім шын ниетімен көмектессе, ал жүргізуші мені қорлауға ұмтылды», — деп жазды журналист.
Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, такси жүргізушісі ұсақ бұзақылық пен жол ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жаза алған.
«Шетелдік азаматшаға тиісті көмек көрсетілді. Миграциялық қызмет те араласты. Полиция азаматтардың, соның ішінде шетелдік қонақтардың қауіпсіздігіне қатысты әрбір фактіні жіті назарда ұстайды. Әрекет шұғыл әрі қатаң болады», — делінген департамент хабарламасында.