Қоғам

Камчаткада магнитудасы 8,7 баллдық жер сілкінісі болып, цунами орын алды (ВИДЕО)

Камчаткада ең күшті жер сілкінісі болып, ғимараттар қирады.

Ресей Федерациясының Камчатка аймағында 1952 жылдан бергі ең күшті жер сілкінісі болды. Сейсмологтардың мәліметінше, жер асты дүмпулерінің магнитудасы 8,5-8,7 баллды құрайды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Gazeta.ru басылымына сілтеме жасап.

Цунами қаупі жарияланып, биіктігі 4 метрге дейін жеткен толқындар тіркелді. Ресей және көршілес Жапония билігі тұрғындарды жағалауға жақындамауға шақырды.

Бірнеше ғимарат қирап, қабырғалары түскен.

“Камчаткадағы цунамиді бақылау және болжау орталығы Парамушир және Шумшу аралдарына цунамидің жақындағанын хабарлады. Жағдай бақылауда, барлық қызметтер жұмысын жалғастырып жатыр. Тұрғындар эвакуацияланды”, – деп мәлімдеді министрлік.

Камчаткадағы балабақшалардың бірінде жер сілкінісінен кейін қабырға құлап қалған. Өңір губернаторы Владимир Солодов жер дүмпуі кезінде ғимаратта ешкімнің болмағанын мәлімдеді.

Сондай-ақ Камчаткадағы жер сілкінісі кезінде қалалық балалар емханасы қатты зақымданған. Аймақтық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, медициналық мекеменің жұмысы уақытша тоқтатылды.

Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Тынық мұхитындағы Жапонияның шығыс жағалауына биіктігі 32 сантиметрге жететін толқындар жақындауы мүмкін. Елде цунами қаупі жарияланды, пойыз қозғалысы тоқтатылды, әуеден бақылау үшін жойғыш ұшақтар жіберілді. Жапон билігі жағалаудағы аудандардың тұрғындарын эвакуациялауға шақырды.