Қоғам

Алматы облысында тікұшақ құлады: қорғаныс министрі оқиға орнына барды

Алматы облысында құлаған түкұшақтың іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жоғалған әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағын іздеу жұмыстары жүріп жатқан Сорбұлақ көліне барып, жүргізіліп жатқан жұмыс барысын бақылап қайтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Асқар Ізбасов қорғаныс ведомствосының басшысын Сорбұлақ көліндегі іздестіру жұмыстарының барысынан хабардар еткен. Ондағы табиғи және техногендік ерекшеліктер барынша техникалық жарақтандыруды және операцияға қатысушылардың іс-қимылдарын нақты үйлестіруді талап етеді.

"Іздеу жұмыстарына су асты рельефі мен түбінің шөгінді, тереңдігінің өзгермелі және судың лай болуы кедергі келтіруде. Алайда 25 шілдеде жоғалып кеткен Әуе қорғаныс күштері EC-145 тікұшағының бортында болғандардың қай жерде екенін анықтау бойынша ауқымды іздеу-құтқару операциясы күндіз де, түнде де тоқтамайды", - деді Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы.

Іздеу жұмыстары жүріп жатқан аймақта авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жоғалған ұшқыштардың туыстарымен кездескен. Министр оларға қолдау білдіріп, операция тәулік бойы жалғасатынын, барлық ресурс жұмылдырылғанын және әскерилер жолдастарын табу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтқан.

"Біз соңына дейін әрекет етіп, іздеуді жалғастырамыз. Жақын туыстарына жан-жақты қолдау көрсетіледі, күн сайын байланыстамыз. Қайғылы жағдайдың себептерін анықтау және жоғалғандарды табу үшін бар күшімізді саламыз", - деді қорғаныс министрі.

Тікұшақ экипажы командирі Үйсенбай Нұржігіттің үлкен ағасы Медет Ержігіттің айтуынша, ұшқыштардың туыстары таңертеңнен кешке дейін жедел штаб орналасқан іздеу орнында. Олар іздеу тобымен Сорбұлақ көлін айналып өтіп, әуеден су түбінен тікұшақты көру мүмкін емес екеніне көз жеткізген.

Естеріңізге сала кетейік, 25 шілдеде әлеуметтік желіде Алматы облысында ЕС-145 әскери тікұшағы іздестіріліп жатқаны туралы ақпарат тарады. Тікұшақ Луговой елді мекенінен ұшып шыққаннан кейін онымен Отар аумағында байланыс үзілген.