Қазақстанда қыз алып қашқандар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Қыз алып қашатын ер адамдарға ескерту жасалды.
Қазақстанда енді қыз алып қашатындар 10 жылға дейін сотталады. Прокуратура ескерту жасады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ведомствоның мәліметінше, неке қиюға мәжбүрлеу – бұл адам құқығын өрескел бұзу болып саналады.
«16.07.2025ж. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев «Қылмыстық заңнаманы оңтайландыру-жетілдіру бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Заң күшіне енгеннен кейін, Қылмыстық кодексте неке қиюға мәжбүрлегені үшін жаңа 125-1 бап тәжірибеге енгізіледі. Аталған бапта 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Неке екі адамның еркін және саналы келісімімен құрылуы тиіс. Азаматтарға келісімсіз қыз алып қашудың дәстүр емес, қылмыс болып саналатынын ескертеміз», – делінген хабарламада.