Кәсіпкер: әр ана өз баласының ойынына зейін қойса оның бағытын айқындап, шығармашылығын ұштай алады (фото)
Маман баланың әр ойынында мән, мағына барын айтты.
Балаларды шығармашылық тұрғыдан дамыту орталығын ашқан кәсіпкер Гүлбақыт Баекенова әсіресе қыз балаларды сұлулық, бояу, әдемілік, сән әлеміне үндеу оңай екенін айтады. Сөзінше қыздар бала күнінен бояуға әуес. Олардың осы қызығушылығы арқылы талай жетістіктің бастауын, жаңа бағыттың үлгісін көруге болады екен. Кәсіпкер Қызылорда қаласында бұрын соңды болмаған 1,5 жастан асқан қыздардан бастап, 10 жасқа дейінгі балаларға қызықты бөлме дайындаған. Онда сән әлеміне қатыстының көптеген түрін балалар өз қолдарымен өздеріне жасап көреді.
«Біздің орталық кішкентай қыздардың демалыс орны десек болады. Ата-анасы күнделікті ол заттарды алып беріп, басында «не жасайды екен?» деп қарап тұра алмайды. Ата-аналар өз шаруасымен кетерде біздің сән үйімізге әкеп тастаса да болады. Ол жерде барлығы күлгін түсте, ертегі әлемі сияқты жасалған. Әр қыз бала күнінен алғашқы қуыршағы Барбидмен ойнайды. Сол сияқты күлгін түске көмкеріліп, өзін қуыршақ сезінеді. Бізге келгенде сол Барбидің киімдерінен өзіне ұнағанын таңдап киеді. Шаш үлгісін де сол күлгін түстегі түрлі резеңке, қыстырғыштармен жасайды. Тырнағын, көзін, бетін, ернін сондай Барбидің үлгісінде қалаған қызғылт түсімен бояйды. Ол заттардың барлығы балаға зиянсыз. Қалағанынша бояп, ұнамаса сүртіп тастауына да болады. Кей қыздар Барбиден өзгешеленіп, жаңа стильде бетін бояп, шаш үлгісін жасап жатады. Бұл жерге келген қыз балалар тура бір ертегі әлеміне түскендей көздері жанып, өздерін ертегінің басты кейіпкері сезінеді. Бір-бірін бояйды, кәдімгі кішігірім сюжеттермен дүкен аралап, шай ішіп, құрбыларымен рөлдерді сомдап кәдімгідей іштегі ханшайымды оятып, қалағандарын жасайды. Баланың көңілі көтеріліп, ішкі сұранысы, талабы өтелген тұста оны ата-ана сабаққа, оқуға, өнерге оңай көндіре алады. Сол шығармашылық шабыттың арқасында жаға бағыттағы қалаулары оянып, суретке, би өнеріне, сән саласына, қолөнер сынды үйірмелерге барғысы келетіндерін кішкентай қыздардың өздері айтып жатады. Бұл балалардың шығармашылыққа деген қызығушылығын, жаңа бағытқа ойысу мүмкіндігін арттыратын орын деп айтар едім»,-дейді Бақытгүл Баекенова.
Кәсіпкер бұл бастауын өзінің екі қызының қызығушылығына, сұранысына зер сала отырып ойлап тапқан екен.
«Қазір ғаламтордың кезінде балаларды тыңдай білсеңіз, олар сізге көптеген ақпарат береді. Олардың сұранысына қарай армандарын орындап, әрі кәсіп дөңгелетіп кеттім десем болады. Біз тұратын шағын қалада мұндай орталық болмаған. Инстанрамнан көріп, жағдайымыз келгенше жасадық. Енді қазір сұраныста. Туған күн бола қалса бізге келеді. Балалар қазір бақытты, тәтті нан мен шырынды балабақшада да жеп тойлай береді. Ал біздің орталыққа қызғылт түске қызығып, ертегі әлеміне ену үшін арнайы келеді. Мысалы 5 – 6 жасар қыздардың аналар туған күнді сонда ұйымдастырып, балалардың басын қосып естен кетпес отырыс жасайды. Ол жерде әртүрлі баланы дамытатын, шығармашылығын ұштайтын слайм жасау, пицца пісіру сияқты дүниелердмен топ болып айналысқан сәтте балалар шабыттана түседі»,-дейді кәсіпкер.
Баекенованың сөзінше мұндай орталықтар көп болғаны дұрыс. Бір біріне бәсекелестіктің арқасында ересектер де өз шығармашылығын дамытады. Әрі балаларға қызықты, жаңа, өзгеше ұсыныстар көбейеді.