Қоғам

Алматы маңында жоғалған тікұшақтағы ұшқыштың әйелі: Қосылғанымызға небәрі 8 ай болған еді…

Алматы маңында жоғалған тікұшақтағы ұшқыштың әйелінің жантебірентеилік сөзі жарияланды.

Алматы маңында жоғалған әскери тікұшақ экипажында болған ұшқыштың үйленгеніне бір жыл да толмаған екен. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

29 жастағы ұшқыш Аман Амангелді Ақтөбедегі ұшқыштар институтын тәмамдаған, 6 жылдық тәжірибесі бар маман. Ол музыкант Нұрай есімді бойжеткенмен өткен жылдың соңында шаңырақ көтерген.

“Табылмаған тікұшақта жан жарым қалды. Қосылғанымызға небәрі 8 ай. Вертолетта екі пилот белдігін байлап отырады, шыға алмай қалған ғой. Әйтпесе, секіріп аман қалар ма еді?.. – дейді жас келіншек.

Тікұшақты іздестіру жұмыстары әлі де жалғасуда. 

“Тікұшақтың жоғалғанына бес күн өтті. Ресми ақпарат аз болғандықтан, әлеуметтік желіде түрлі қауесеттер тарап жатыр. Отар маңында радардан жоғалған тікұшақтың бөлшектері 200 шақырым жерден табылғаны көпшіліктің күмәнін үдете түсті. Сорбұлақ маңынан тікұшақ сынықтары табылды. Мамандардың айтуынша, бұл су қоймасы – көшпелі лайлы көл. Оның түбі батпақ, тереңдігі – 22 метр. Алматы қаласының кәріз сулары да осы маңға құяды. Осы себепті іздестіру жұмыстары қиынға соғуда. Дрондар да су астынан ештеңе анық көре алмай отыр.

3 экипаж мүшесі бар тікұшақтың жоғалғанына бүгін – бесінші күн. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

«Бір көріпкел маған жеке жазып, “тікұшақтағы адамдар алтыншы күні табылады” депті. Ертең…», – деп жазды Гүлмира Әбіқай.